Фин және II дүниежүзілік соғысына қатысқан Несіпбай Мәшкеевтің майдан даласынан жазған хаттары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фин және II дүниежүзілік соғысына қатысқан Несіпбай Мәшкеевтің майдан даласынан жазған хаттары

06.06.2015
Фин және II дүниежүзілік соғысына қатысқан Несіпбай Мәшкеевтің майдан даласынан жазған хаттары

Редакциямызға «Майдангер хаты» акциясы бойынша  Астана қаласының тұрғыны Төлен Тілеубайдан хат келді. Ол Фин және  II дүниежүзілік соғысына қатысқан Несіпбай Ұзақұлы Мәшкеевтің майдан даласынан жазған хаттарын жолдаған екен.

«Биыл Жеңіске 70 жыл толды. Алайда Жеңіске қол жеткізу үшін опат болғандардың саны қаншама. Сол мыңдар мен миллиондардың ішінде Алматы облысы, Кеген ауданынан майданға аттанған Несіпбай Ұзақұлы Мәшкеев те бар. Есімі ел есінде қалған есіл ерлердің өмірі мен сұрапыл соғыстағы ерлігі жөніндегі деректерді аталарының тарихын түгендеп, тасқа бастырып жүрген «Желтоқсан» ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Ержан Тоқтасынұлы Ұзақтың өз аузынан жазып алдық», - дейді Төлен Тілеубай.

Несіпбай Ұзақұлы (1919-1944)  - 1939 жылы Алматыдағы медицина институтының 3-ші курсында оқып жүргенінде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Фин соғысына аттанады.  Бұл туралы ол 1940 жылы өз бауыры Шеттікке Ханко аралынан жіберген хатында  жазады.

«Қымбатты бауырым, Шеттік! Сізге Ханко аралынан ыстық сәлем жолдаушы Қызыл армияның жауынгері Несіпбай деп білерсіз. Мені құттықтауыңызға болады, жақында КПСС мүшелігінің кандидаттығына өттім. Бұл менің өмірімдегі ең бір қуанышты күнім ретінде жүрегімде ұзақ сақталады»

 

Несіпбай Ұзақұлы Мәшкеев

 

Несіпбай Мәшкеевтің 1943 жылы Ленинград майданынан  туған жеріне жолдаған хаты да сақталыпты. Хат пластинкаға майдангердің  даусымен жазылған екен.

 

Ленинград фронтынан сәлем

«Әуелі хат жазамын, аға, жеңге,

Мен жүрмін аман-есен бөтен елде.

Кеткелі мен ауылдан төрт жыл болды,

Айтарсыз менен сәлем барлық елге!

 

Мен жүрмін Ленинград майданында,

Амандық білдіремін ағайынға,

Азаматтық борышымды өтеп жүрмін,

Толып жатқан жолдастың арасында.

 

Денім сау, қолыма қару алып,

Қапылыста Совет жеріне соғыс ашқан,

Неміс фашистерін қырып жүрмін.

Оларға сол керек.

 

Мен туған жер, өскен елімді,

Қасық қаным қалғанша қорғауға дайынмын.

Қатардағы жауынгер бауырларым –

Шеттіктен, Нұрақыннан, Несіпбектен

Көп болды хат алмаймын.

 

Аукеннің, Күләннің дені таза ма?! Қарияның балалары аман ба? Ауылдағы ағайындар тегіс есен бе? Сіздерді көрмегелі төрт жылдан асып кетті. Қатты сағындым! Осы хатты менің өзімді көргендей болсын деп, қуантқалы жаздым. Хош, ел, аман бол! Көрісуге күн жақсы болсын

 

Несіпбай Ұзақұлы Машкеев

                                                                      КПСС мүшесі, лейтенант

   Ленинград қаласы, 1943 жыл

 

Майдангер Несіпбай Ұзақұлы 1944 жылдың 29 шілдесінде Эстония жерінде  қаза тапқан.

«Бұл туралы нақты тарихи-құжаттық дерек бар. Н.Ұзақұлының денесі эстон жерінде жерленгенін анықтауға бар күш-жігерін жұмсаған соғыс  және Еңбек ардагері, КСРО ардагерлер кеңесінің мүшесі, Сталинград (қазіргі Волгоград) қаласының құрметті азаматы, Кеген ауданының тұрғыны Әбдрахман Өміржановтың есімін атап айту ләзім. Себебі майдангер қарт Эстония Республикасының Кохтла-Ярвеауданы, «Нарва» кеңшары, «Варвара-Синимия» бөлімшесінің №2 бауырластар зиратында 12 адамның жерленгенін, соның ішінде 149-ының тегін, туған және өлген жерін анықтаған. 149-дың арасында Несіпбай Мәшкеұлы да бар. Мұны 1984 жылдың 1 сәуірінде Ә. Өміржановқа жолдаған хатында Кохтла-Ярве қалалық әскери комиссары, подполковник В. Зыков растаған», - дейді Төлен Тілеубай.

 «Лейтенант, КПСС мүшесі Несіпбай Ұзақұлы - 1941 жылдан 1944 жылдың 29  шілдесіне дейін II дүниежүзілік соғысқа қатысып, Ленинград майданында, Эстония Республикасының Кохтла-Ярве ауданында ерлікпен қаза тапты. Эстония жерін неміс-фашист жауыздарынан қорғауда қаза болған 12 мыңнан астам жауынгердің денесі «Варвара» селосының оңтүстік батысында жолдан 100 метр, 7242 квадратында қойылған. Жерленгендердің ішінде №148 тізімде лейтенант, КПСС мүшесі Несіпбай Ұзақұлы Мәшкеевтің есімі тіркеліп, Нарва ауданындағы альбомға алтын әріппен жазылған»,- делінген В. Зыковтың хатында.

 

Батырдың ерлігі соңындағы ұрпағына үлгі-өнеге болып, ер есімін мәңгі ел есінде сақтау үшін қазір туған жері  Кіші Жалаңаштағы көшенің біріне Несіпбай Ұзақұлының есімі берілген.

Айта кетейік, Несіпбай Машкеевтің бауырлары  Нұрақын Ұзақұлы Мәшкеев (1923-1942), Несіпбек Ұзақұлы (1921-1945) және Шеттікбай Мәшкеұлы (1910-1962) да II дүниежүзілік соғысқа қатысқан.  Тек Шеттікбай Мәшкеұлы ғана елге оралған...

 

Жаңылай БАЗАРБАЕВА

kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу