Алматылық жас қолөнершілер ортақ шеберхана ашқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық жас қолөнершілер ортақ шеберхана ашқан

04.06.2015
Алматылық жас қолөнершілер ортақ шеберхана ашқан

Алматының бір топ жас шеберлері халық аспаптарының көнерген түрлерін жаңғыртумен айналысуда. Жігіттер қазақ қолөнерінің көркемдік айшықтарын келешекке жалғауды мақсат тұтады. Бос уақыттарын пайдалы іске жұмсауды әдетке айналдырған олар оқу мен өнерді қатар алып жүр. Бүгінде ортақ шеберханалары бар.

«Шеберхананы ашқанымызға бір жылдай болып қалды. Аспаптарымыз қолөнершілер жасайтын аспаптардан ерекше. Себебі, біз аспаптарды Болат Сарыбаев атамыздың кітабы бойынша дайындаймыз. Онда кезінде қазақ жерінің түкпір-түкпірінен табылған аспаптар туралы жазылған. Сол кітапты негізге алып, ұлттық аспаптарды қайта жаңғыртуды мақсат тұттық»,-дейді қолөнер шебері Азамат Бақи.

Тағы бір шебер Ержан Мұқыш сазсырнайдың көне  түрін жасауды қолға алған. «Кәдімгі сазсырнай мен құссайрауық деп аталатын сырнайдың айырмашылығы – пішінінде және үрлеу тәсілінде. Сосын құссайрауықтың дауыс биіктігі жоғары келеді. Сазсырнайдың тағы бір түрі – мүйіз сазсырнай. Әзірге, бұл түр қазір  кеңінен қолданылып жүрген жоқ. Келешекте қолданысқа енгіземіз»,-дейді ол.

Ал, сыбызғы сазсырнайға қарағанда әлдеқайда оңай жасалғанымен, бұл аспапта ойнау – өте күрделі.
«Мұнда саксафон, трубалардағыдай үрлеуге арналған бөлік жалғанбайды. Ол орындаушының ауыс қуысындағы ауаны жіберуіне байланысты реттеледі. Сонысымен күрделі аспап»,-дейді Ілияс Жалғасбек.

Толығырақ – «Таңшолпанда».
 

Хабарламаларға жазылу