Шағын футболдан С.Бердіқұловты еске алуға арналған турнир аяқталды

18.05.2015
Шағын футболдан С.Бердіқұловты еске алуға арналған турнир аяқталды

«Астана Арена» стадионында өткен журналистер арасында шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы Республикалық турнир аяқталды.

Республикалық турнирге еліміздің әр облысынан келген 16 команда 4 топқа бөлініп доп тепті. Турнир «УЕФА Чемпиондар лигасы» секілді топтық кезең, ширек финал, жартылай финал және финал үлгісінде өтті.

Таңғы сағат 10:00-де басталып, кеші 18:00-де аяқталған ойын өте тартысты өтті. Оған финал мен 3-орын үшін өткен ойын дәлел. Екі ойынның да жеңімпаздары ойын соңындағы пенальтиден анықталды.

Үшінші орын үшін жасыл алаңға ОҚО журналистер командасы мен қызылордалық «Ақмешіт» командасы шықты. Негізгі ойын 1:1 есебімен аяқталған соң жеңімпаз пенальтиден анықталды. Есеп 1:2. Қызылордалықтар турнирдің қола жүлдесін иеленді.

Ал, финалдық  бәсеке алматылық «Алматы» телеарнасы мен «Хабар-Алматы» арасында өтті. Бұл ойында да жеңімпаз ойын соңындағы пенальтиден анықталды. Пенальти сериясы бойынша 2:1 есебімен «Алматы» телеарнасы жеңіске жетті. Сөйтіп «Алматы» телеарнасы қатарынан екінші рет турнирдің жеңімпазы атанды.

Ойын соңында жеңімпазбен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.

Хабарламаларға жазылу