Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жауынгерлерге дем беріп, оларды Жеңіске жетелеген әдебиет болды. Кескілескен ұрыстарда жаумен бетпе-бет келіп аянбай айқасқан отандастарға ақындардың жүрегінен атқақтап шыққан өршіл өлеңдер рух берді.
Өзі де майдан даласында соғысқа кіріп, сұрапыл шақтарда елді жырымен тебіренткен ақын Қасым Аманжолов еді. Оның «Ақын өлімі туралы аңыз» шығармасы сол бір аласапыран кезеңнің қасіретті беттерін ашып көрсетеді.
«Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!» – деген шымыр да қуатты шумақтарында адал досқа деген іңкәрлік пен ақындық рух айқұлақтана көзге шалынды. «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім» деп өршелене жыр толғаған сөз зергері бұдан соң «Дариға, сол қыз» атты кең тынысты өлеңін дүниеге әкелді. Қазақ поэзиясындағы жауынгерлік рух, отансүйгіштік сарын Қасым жырының тегеурінін таныта түсті.
Қасым Аманжоловтың өлеңдеріндегі ұшқындаған жалын ақын Сырбай Мәуленовтың де өлеңдерінде лаулай түсті. 1941 жылы соғысқа аттанған жас жауынгер Ленинград маңындағы Волхов майданына жіберілді. Көк пен жер тұтасып кеткен сол сәттерді ақын:
«Жауыр болды жауырын,
Зеңбірекке жегілдік.
Астында оқ дауылдың ,
Тірілей біз көмілдік.
Жер де, су да, аспан да,
Көрінбеді жер түбі,
Соқты бізді тастанға,
Ауаның от толқыны...», - деп жырға қосты. Оның жанарында тұнған сұрқай суреттер жанын жай тапқызбады. Жалпы Сырбай поэзиясы қиян-кескі төрт жылдың шежіресі іспетті. Аласапыран шайқаста бір қолынан жарақат алса да қаламгер сынбады, мойымады. Оның:
«Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім...» деген жігерге толы өлеңдері кейінгі ұрпаққа тәлім беріп келеді.
Мұнан басқа да біраз ақынның шығармашылық кезеңі соғыс жылдарына тап келді. Оларды соғыс шыңдады, өлеңдерінде атойлаған рух көрінетіні сондықтан.
Ақын Жұбан Молдағалиев те ерлік шежіресін өлеңмен жазды.
Жаумен айқасқан батырлардың намысқа толы найзағайлы шағын ол
«Өжет елдің жігіті,
Өшін алмай шыдар ма?
Кескілескен дұшпанын,
Кесіп түспей тынар ма?» - деп тебірене жырлайды. Бір қарағанда батырларға арналған өлең түптеп келгенде халықты ерлікке, қайсарлыққа шақырып тұрғанын аңғарғандай боласыз. Сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге де жыр жампозы ерекше ескерткіш қойды. Өзінің «Ер қабірі» жыры осының айғағы.
«Бекер бұл өлімнің де өлімі бар,
Өлім бар өшпейтұғын өмірі бар» деп тізілген жолдарда соғыс шындығы, қайғылы күндер қасіреті жазылып тұрғандай әсер береді.
Жалпы соғыс кезіндегі ақындар жырлары – төрт жылдың қанмен жазылған тарихы іспетті. Сұрқай сәттерде елді бірлікке, ерлікке үндеген ақындар жыры – әр кезеңде де бәсеңдемейді. Өмірдің өзі ерліктен тұратын болса – осы адал ұғым ақындар көкірегінен жыр болып төгіле берері анық.
Сұрапыл соғыс жылдарында отты жырларымен әскерлерге рух, жігер берген ақынның бірі – Жамбыл Жабаев. Бұл тұста ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман» сынды өлеңдер жазып, жауға өлеңмен оқ жаудырды.
Ақынның қуатты жырлары жауынгерлерге жігер берді. Майдандағы солдаттардың қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан өлеңдерінің ішінен «Ленинградтық өренімді» ерекше атауға болады:
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.
……………
Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап-сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайыпқыран өренім…
Әбу Сәрсенбаев (әл-Атрауи) шығармашылығында Отанды қорғау, патриоттық тақырыбы ерекше орын алады. «Ақша бұлт» (1947) атты жыр жинағында ақынның майданда жазған жырлары топтастырылған. Оның өлеңдерінде соғыс тақырыбы, кеңес адамдарының ерлігі, патриоттық тұлға ерекше бейнеленеді. Оны «Солдат шинелі» өлеңінен де байқауға болады.
Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,
Өрт кешіп талай хутор, селендерде,
Жасқанбай жауған оққа қарсы ұмтылып,
Сен кешкен жүздік дүлей өзендерде.
Тобырсып тобығымнан сорғалап су,
Сіресіп сыртында мұз,
Бұрқырап бу,
Жат жерлікті жапыра ілгері озып,
Кезекті ердің үстіне орнаттық ту.
Кейде жаудың сыртына кеттік өтіп,
Төкседе оқ боранын нөсерлетіп,
Жел қағып желкілдеген етегіңді
Минаның жарқыншағы жатты тесіп.
Жерім жоқ бас сауғалап, жан қорыған,
Кейде «тіл» алып қайттық жау орынан,
Жүзім суық,
Түсіндей сұрғылттанды,
Көзімде түн күзетіп жол торыған.
Көзіне батыл қарап сұм ажалдың,
Сескенбей мен әрқашан алға бардым,
Солдаттық көкірегіме қалқан боп сен,
Жүрегімді қатерден қорғап қалдың.
Жүргенде намыс отын оқпен көсеп,
Болдың сен әрі жастық, әрі төсек,
Көзге ұйқы тығылса қар үстінде
Қалғыдым етегіңді астыға төсеп.
Автоматты төсіме қысып жардай,
Жата кетсем бүрісіп бойым жазбай,
Денемді сен қыздырып сала бердің,
Жардың жібек көрпесін жамылғандай.
Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,
Жүзерміз әлі талай өзендерде,
Жат жерлікті жайратып, азаттықтың
Тігерміз туын талай селендерге.
Ақын Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы соғыс жылдарына тұспа тұс келгендіктен оның өлеңдерінен де соғыс тақырыбы шет қалмады. «Соғыстың соңғы көктемі» өлеңі соны айғақтайтындай:
Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі...
Негізінде, қазақ поэзиясында соғыс тақырыбына арналған шоқтығы биік туындылар жетерлік. Ақын жырлары өткен тарих беттерін осы күнге еш боямасыз шынайы жеткізуші. Жеңісте жауынгерлерге жігер, рух берген де осы отты жырлар. Сондықтан да батырлар ерлігі қашанда ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Мәншүк АХМЕТОВА
Kaztrk.kz