Ізгілікке үндеген іргелі бастама - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ізгілікке үндеген іргелі бастама

30.09.2021

Биыл елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-съезі өтуі керек еді. Алайда пандемияға байланысты бұл жиын келер жылға шегерілді. Дегенмен келер аптада елордада съез хатшылығының отырысы өтеді. Толығырақ тілші материалы.

Дін басшыларының ең алғашқы жиыны 2003- жылы өткен. Әлемнің 17 елінен делегация келді. Жер жүзіндегі діни ахуал күрделенген шақ. 2001- жылғы 11- қыркүйек оқиғасынан кейін мұсылмандарға деген көзқарас өзгеріп, хақ дінге күйе жағушылар көбейген. Тап сол дінаралық алауыздық асқынған шақта Қазақстан өзгеше мінез танытып, әлемді ізгілікке үндеді.
Әділ Ахметов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Дәл халықаралық қатынастар, дінаралық қатынастар, өркениетаралық қатынастар шиеленісіп кеткен кезде осындай бастаманың іске аса бастағанын тек құптарлық деп айтуымыз керек. Бұл кейінгі заман тарихында үлкен белес.
Осылайша үш жылда бір ұйымдастырылатын жиын әлемдегі түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын қарастыратын алаңға айналды. Осы уақытқа дейін 6 съез бен хатшылықтың 18 отырысы өтті. Алқалы жиындарда қатысушылар адамзатқа ортақ проблемаларға қатысты пікір алмасып, нақты әрекет ету жолдарын қарастырды.
Қайрат Құрманбаев,  Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы:
Бұл жиын белгілі бір діни мәселелерді шешпейді, бұл жерде көпұлтты, көпдінді мемлекетте ортақ құндылықтарды қамтамасыз ете отырып тұрақтылықты, бейбіт өмірді сақтау.
Елімізде 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам бірлестіктері тіркелген. Осы алуан түрлілікке қарамастан, Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білді. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделі қалыптасты.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу