Зиябек Ермұханұлы: Абылай хан кеңесін Бердіқожа батырсыз бастамаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зиябек Ермұханұлы: Абылай хан кеңесін Бердіқожа батырсыз бастамаған

24.04.2015
Зиябек Ермұханұлы:  Абылай хан кеңесін Бердіқожа батырсыз бастамаған

Бүгін Астанада «Шанышқылы Бердіқожа батыр: Тың зерттеулер мен тұжырымдамалар» атты тәжірибелік конференция өтеді. Осыған орай тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы таңғы бағдарламада қонақта болды.

«Біз алдымен  Шанышқылы Бердіқожа батырдың кім екенін анықтап алуымыз қажет. Ол – қазақтың атақты қолбасшысы, сардары, батыры. Өзінің, отбасының мүддесінен ел мүддесін жоғары қойған танымал батыр. Бердіқожа батыр 1708 жылы дүниеге келіп,  1786 жылы дүниеден озған.

Қазақ әдебиетінде батырдың есімі жақсы сақталған. Мысалы, ел аузындағы әңгімелерде Абылай хан кеңесін Бердіқожа батырсыз бастамағандығы айтылады. Екіншіден, жауға шапқанда «Бердіқожа батыр келді ме?», деп сұрайды екен. Батыр туралы деректі бізге жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде: «Бердіқожа батыр – Абылай ханның ең сенімді батырларының бірі»,-деп жазылған»,-дейді профессор.

Бүгінде Бердіқожа батырдың келбетінің реконструкциясы жасалған. Бұл турасында Зиябек Ермұханұлы: «2011 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары мен  ресейлік ғалымдар бірлесіп, археологиялық-антропологиялық зерттеулердің нәтижесінде батырдың бас келбетін реконструкциялап, бұрынғы қалпына келтірді»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу