«Мен қазақ балаларымен ойнап, қазақ ауылында өстім. Содан кейін болар, қазақ тілін жетік меңгердім. Он жасымнан бастап қолыма домбыра ұстадым. Ол кезде домбыра үйрететін үйірмелер болмағандықтан, теледидардан Қаламқас Орашева, Мекес Төрешов сынды атақты жыршы-термешілерді тыңдап өстім. Бұрауын келтіре алмасам да, сол кісілерге еліктедім. Домбыраны осылай үйрендім.
Кейін біздің ауылға Сәуле Тапақова деген ұстаз келіп, алғашқы музыка үйірмесін ашты. Алғашқыда күй тартудан бастадық. Содан бір күні Сәуле апайдың терме айтып отырғанын байқап қалдым.
Жалпы, терменің – философиялық, тәрбиелік мағынасы терең. Бұл өнердің құдіретіне сол кезде таң қалғаным бар. Өміріме терменің зор көмегі тиді, деп айта аламын»,-дейді термеші.
«Түркі музыкасының тамыры бір. Бала кезімде әжірбайжанның «Бугама» музыкасын көп тыңдайтынмын. Термені бәлкім, соған ұқсаттым ба, әйтеуір жақын тарттым. Дәстүрлі әнге деген қызығушылығым уақыт өткен сайын арта берді».
Мая Маслова-Исмаилованың орындауындағы Қызылдың «Ойкөк» әнін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.