Қазақстан Теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев бүгін таңғы бағдарламада қонақта болып, федерацияның тыныс-тіршілігі, жаңалықтарымен бөлісті.
«Теннис федерациясының алға қойған мақсаты көп. Алдымен, әрине, спорттың осы түрімен айналысатындар үшін жағдай жасау, елдің әр аймағында теннис корттарын салу».
«Бүгінде елімізде тенниспен айналысатындар саны 3000-ға тарта. Бұл жақсы көрсеткіш. Себебі, осыдан он жыл бұрын бар-жоғы 500-600 адамның айналасында еді. Оның өзінде теннис тек үлкен қалаларда болды.
Қазір елдің үш аймағында ғана теннис орталығы жоқ. Олар: Ақтау, Атырау, Солтүстік Қазақстан. Биыл қараша айында Ақтаудағы теннис орталығының ашылуы болады. Келешекте қалған екі аймақта да теннис орталықтары салынады».
«Теннис спортының дамуы жолында федерация тарапынан 2014 жылы 160 іс-шара өткізілді. Онда тек республикалық, облыстық жарыстар ғана емес, халықаралық сайыстар да ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – тенниспен кәсіби түрде айналысатын Зарина Диас сынды жастарға жағдай жасау».