Соңғы жылдары ешбір БАҚ-қа сұхбат бермеген аты аңызға айналған тұңғыш француздық ғарышкер әйел Клоди Эньеренің «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына сұхбат берді.
1996 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан француз қызы қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевпен бірге жаттығу алаңында жұмыстар жасаған.
Э.Клоди 1957 жылы 13 мамырда Ле-Крезода дүниеге келген. Медицина ғылымдарының докторы, ревматолог, авиациялық медицина саласының маманы.
Ол – екі рет ғарышқа көтерілген Еуропадағы тұңғыш әйел. Алғаш рет 1996 жылы ресейлік космостық «Союз ТМ -23» кораблінде ұшса, екінші рет 2001 жылы «Андромеда» миссиясы бойынша Халықаралық ғарыш станциясында болған.
Клоди орбитада 25 күн 14 сағат 22 минут өткізген. 2009 жылы ең ірі ғылыми-техникалық «Universcience» музейінің президенті болып сайланды. Биология, спорт медицинасы, ғарыш медицинасы, неврология салалары бойынша кандидаттық диссертациялар қорғаған, әр салада жетістікке жетіп жүрген ерекше жан.
Ғарышқа қатысты еңбек жолын аяқтаған соң Эньере Клоди саясатпен де айналысады. Жан-Пьер Рафференаидың басшылық еткен Үкіметтің құрамында Еуропа істері жөніндегі министр, кейін ғылыми зерттеулер және жаңа технологиялар министрінің орынбасары қызметін атқарды.
«Сенбілік таң» бағдарламасы Ұлттық арна атынан Клоди ханымға оюлы қазақ шапанын жауып, ғарыш пен сұлулық құпиялары жөнінде әсерлі әңгіме жүргізді.
Бүгін сағат 9.00-де Ұлттық арнадағы «Сенбілік таң» бағдарламасынан Клоди Эньеренің сұхбатын көріңіз.