Қазақстандық екі төреші Рио Олимпиадасында төрелік етуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық екі төреші Рио Олимпиадасында төрелік етуі мүмкін

27.03.2015
Қазақстандық екі төреші Рио Олимпиадасында төрелік етуі мүмкін

Арнайы шақырту қағаз халықаралық дәрежедегі төрешілер Марғұлан Адай мен Нұрлан Жалғаспаевқа келген. Қандастарымыз Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін төрешілер таңдауына қатысып, семинарларға атсалысатын болады. Шара ағымдағы жылдың 23-26 сәуір айында елдің Фуджейра қаласында өтпек.

Олимпиада ойындарына Азия мен Океаниядан келген 100-ден астам жоғары санаттағы реферилер сынға түсіп, 4 жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеде төрешілік етуге таласады.

Айта кетейік, Марғұлан Адай таэквондодан 5-ші дан иегері, ол Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында көзге түсіп, әділ баға мен сапалы төрешіліктің арқасында «Үздік төреші» атанған.

Халықаралық жарыстардағы ұзақ жылдар еңбегінің арқасында, таэквондодан 4-ші дан иегері Нұрлан Жалғаспаев да осындай жетістікке жеткен.

«Төрешінің жұмысы өте жауапты, дегенмен, тағы да жауапкершілігіміз арта түсті десек қателеспейміз. 2016 жылғы Олимпиада Ойындарының төрешілер қатарына ену үшін бар күшімізді саламыз», - дейді М.Адай.

Егер бәрі ойдағыдай болса, қазақтан шыққан таэквондо (WTF) төрешілері тұңғыш рет Олимпиада ойындарында қызмет ететін болады.

Хабарламаларға жазылу