Бүгін Астанада БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі патронаждық қызметті бағалау және халыққа біріккен медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету үлгісін әзірлеу бойынша дөңгелек үстел өтуде.
Шарада патронажды қызмет сапасы, патронажды медбике жұмысының әлсіз тұстары, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметінің сапасын арттыру жолдары және патронажды қызметті оңтайландырудың жол картасын әзірлеу үшін ұсыныстар айтылуда.
Жиын барысында ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы Тамара Гоцадзе бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем қызметінің сапасын жақсарту мақсатында жүргізілген патронажды қызметті бағалау бойынша зерттеудің нәтижелерін ұсынды.
Ал, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілдігінің үйлестірушісі Айгүл Нұрғабылова: «Зерттеу жүргізілген аймақ тұрғындарының 50 пайызға жуығының ғана патронажды қызмет көрсету сапасы көңілдерінен шыққан. Ал, 80 пайызы патронаждық көмек көрсетілді. Бірақ қажетті мөлшерде емес, деп жауап берген. Бүгін біз патронажды медбикеге сапалы қызмет көрсетуі үшін не істеу керектігін анықтаймыз», - дейді.
Оның айтуынша, балалардың танымы 3 жасқа дейінгі аралықта жақсы дамиды. Олардың болашағы осы уақыт аралығында балаларға жасалынған күтімге байланысты.
Егер бала 4 жасқа дейін 30-40 миллион сөз естісе, ойлау қабілеті жақсы дамиды. Егер 10 миллионға дейін сөз естісе, онда ойлау қабілеті өте төмен болады.
«Мұның бәрі патронажды медбикеге байланысты. Яғни, медбике аналарға бала күтімі, оны тамақтандыру және тәрбиелеуге қатысты ақпараттарды дұрыс жеткізуі керек», - дейді ол.
Айта кетейік, шараға министрлік өкілдері, ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшылары және мамандар қатысуда.
Сурет: uhodmed.ru