«Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрме ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрме ашылады

21.02.2015
«Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрме ашылады

27 ақпан  күні Алматыдағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында  «Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді.  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ұйымдастырып отыр.

Көрменің басты мақсаты – халқымыздың ежелден іргелі ел болғанын, ұланғайыр даласы қазақтың жиырма бір ханына астана болған Түркістандай шаһарының төл тарихымыздағы алар орны мен рөлін көрсету.

Қорық-мұражай қорындағы 150-ге жуық құнды жәдігер қойылатын көрме    «Хандарға орда болған киелі мекен», «Түркістанға ту тіккен хандар», «Алашқа айбын болған хан Абылай» және  «Түркістан тағылымы» атты төрт бөлімнен тұрады.

Сондай-ақ, мұнда Абылай ханның Орта жүздің сұлтаны болған тұстағы күміс жүзікке түскен мөрі мен үш жүздің ханы болған тұстағы мөрі арнайы витриналарда көрсетіледі. Ш.Уәлиханов шамамен 1855-1860 жылдары жасаған қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі экспозициядан орын алған.

Сонымен қатар, көрмеге Әбілмәмбет, Барақ хандардың Ресей патшайымы Елизавета Петровнаға 17 қазан, 1745 жылы ынтымақтастық жөнінде жазған хаты қойылады.

ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы Түркістандағы Ақша сарайында соғылған мыс тиындардың елуге жуық түрлері экспозициядан көрініс табады. Cондай-ақ, арнайы теледидардан «Түркістандағы хан көтеру» тарихи-қойылымы көрсетіледі.

Шара 2015 жылдың 27 ақпаннан 27 наурызына  дейін жалғасады. 

Хабарламаларға жазылу