Ілияс Есенберлиннің өмірі мен қызметіне арналған кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ілияс Есенберлиннің өмірі мен қызметіне арналған кітап жарық көрді

14.01.2015
Ілияс Есенберлиннің өмірі мен қызметіне арналған кітап жарық көрді

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының Ғылыми кеңесінің ұсынысымен Ілияс Есенберлиннің өмірі мен қызметіне арналған жаңа еңбек жарық көрді.

Туынды жазушының 100 жылдығына арналған. Кітап тұлғаның туған жылынан бастап, өмірінің соңына дейінгі аралықты қамтып отыр. Бұл еңбек «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шығарылды.

Ғылыми-танымдық тұрғыдан жазылған бұл шығармада Алматы мемлекеттік және Атбасар қаласындағы әдеби мұражайларда, ұлттық мұрағатта сақталған қолжазбалар мен басқа да деректер негізінде біртуар жазушының өмірлік көзқарастарының қалыптасуы, оған әсер еткен жағдайлар мен тарихи шығармалардың жазылу себептері қарастырылған.

Кітаптың авторы Амангелді Қашқымбаев - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, ал жалпы редакциясын тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяған басқарған.

Туынды «Жастық шақ жылдары, өскен орта», «Творчестволық жолда», «Ілияс Есенберлин шығармаларындағы тарих және тарихи сабақтастық», «Болашаққа беттеген қайық», «Із қалған өшпес соңында» сынды көлемді бес тарауды қамтиды. Ілияс Есенберлиннің өмірбаяны негізінен оның інісі Раунақ Есенберлиннің естеліктері негізінде берілген. Мемлекеттік мұрағаттар мен музейлерден, соның ішінде Алматы, Жезқазған, Қызылорда, Атбасар қаласындағы І.Есенберлин атындағы мұражайлардан табылған құжаттарды жазушымен замандас болған белгілі қаламгерлердің естеліктерімен салыстыра отыра, Есенберлиннің терең философиясын оның романдары мен поэмаларында кездесетін ұшқыр ойларымен жандандыру идеясының көрініс табуы да еңбекке пікір жазған ғалымдардың қолдауын тапқан, деп хабарлайды adebiportal.kz.

Хабарламаларға жазылу