ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті

23.12.2014
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті

Мемлекеттер басшылары ұйымның жауапкершілік аймағындағы ахуалды талқылап, қауіпсіздіктің жаһандық және өңірлік сын-қатерлеріне қарсы ҰҚШҰ-ның дағдарыстық әрекет ету жүйесі жағдайын қарастырды. 

Сонымен қатар, сессия барысында ұйымдағы төрағалықты Ресейден қабылдап алған Тәжікстан келер жылғы қызметтің басым бағыттарымен таныстырды. 

Қазақстан Президенті сессияға қатысушыларға арнаған сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ міндет қауіпсіздікті нығайтуға, өңірдегі бейбіт әрі тұрақты дамуға қажетті жағдайды қамтамасыз етуге атсалысу екеніне тоқталды.

– Бұл өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен сындарлы әрекеттестік үшін ашық ұйым. Отырыста қабылдау жоспарланған шешімдер ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметтің тиімділігін көтеру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі деп үміттенемін, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессияда сөйлегендер Шарттың ережесін нақты жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара белсене ықпалдасуы қажеттігін атап өтті. 

Кеңейтілген құрамдағы отырыстың қорытындысы бойынша мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы сыртқы саяси үйлестіруді жетілдіруге, Ұйымның әскери және әскери-экономикалық, терроризммен күрес, ақпараттық қауіпсіздік және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 20 шақты құжатқа қол қойды.

Сондай-ақ, президенттер Мәлімдеме қабылдады, онда қазіргі заманның негізгі қауіптері мен сын-қатерлеріне қарсы іс-қимылдар көрініс тапқан.  

Хабарламаларға жазылу