Республикалық бірден-бір ұлттық басылым – «Егемен Қазақстан» газеті алғаш рет оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді. Бүгінде ол еліміздегі таралымы ең көп газет болып отыр.
Екі жылдан бері 200 мың дананың үстінде тираж алып келе жатқан газеттің күні бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолы республикамыздың тарихымен үндесіп жатыр. Қазір газет еліміздің барлық облыстарының орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында басылып, жарыққа шығады.
Біз республикалық газеттің тарихын айтқанда, заманында ұлтымыздың ұстыны, халқымыздың мақтанышы болған көптеген толымды тұлғалардың есімдерін еске оралады. Сонау 1919 жылы жарыққа шыққан «Ұшқыннан» бастап, бүгінгі «Егемен Қазақстанға» дейінгі аралықта газеттің кешегісі мен бүгінгісіне қызмет еткен қарымды қайраткерлердің қатарында Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлттың біртуар азаматтары бар.
1994 жылдың толғауында газеттің аты да сан рет өзгеріске ұшырады. Ол алғашқы «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы» да атанды, «Еңбекшіл қазақ» та болды, «Еңбекші қазақ» та болды, әлденеше ондаған жылдар бойы алдымен «Социалды Қазақстан», содан кейін «Социалистік Қазақстан» ретінде де оқырманға кеңінен танылды.
Ал, Қазақ елі егемендік алған алғашқы елең-алаң кезеңде «Егеменді Қазақстан» болып тәуелсіз жұртымен қауышса, 1993 жылдан бері «Егемен Қазақстан» болып біржолата орнықты.
Дегенмен, осы жылдар аралығында газеттің аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Ол қалай аталғанда да өзінің елдіктің биік мінбері міндетін абыроймен атқара білді және атқарып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басылымға «Отанымыздың бас газеті» деген баға берді. Елдің бас қаласы ауысқан сайын ұлттың бас басылымының шығатын орны да Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана болып ауысып жатты. Алайда, газеттің елдің өңіріндегі орны өзгергенімен, елдің өміріндегі орны, халықтың көңіліндегі орны өзгерген жоқ. Қайдан шыққанда да ойдан шықты.
Бүгінде заманға сай газеттің egemen.kz және egemennews.kz деп аталатын екі бірдей сайты жұмыс істеп тұр.
1919 жылғы «Ұшқын» аталған кезінен бері басқарған газет басшылары:
Халел ЕСЕНБАЕВ (1892-1938)
Тәмимдар САФИЕВ (1892-?)
Бернияз КҮЛЕЕВ (1899-1923)
Смағұл СӘДУАҚАСОВ (1900-1933)
Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ (1889-1931)
Мұхтар ӘУЕЗОВ (1897-1961)
Әбдірахман БАЙДІЛДИН (1891-1931)
Бейімбет МАЙЛИН (1894-1939)
Сәкен СЕЙФУЛЛИН (1894-1939)
Молдағали ЖОЛДЫБАЕВ (1887-1938)
Тұрар РЫСҚҰЛОВ (1894-1938)
Ораз ЖАНДОСОВ (1889-1938)
Ораз ИСАЕВ (1899-1938)
Ғаббас ТОҒЖАНОВ (1900-1937)
Айтмұхамед МУСИН (1899-1938)
Ғабит МҮСІРЕПОВ (1902-1984)
Жанайдар СӘДУАҚАСОВ (1898-1938)
Жүсіпбек АРЫСТАНОВ (1904-1992)
Сақтаған БӘЙІШЕВ (1909-1982)
Әмір ҚАНАПИН (1913-1998)
Балтабек АСАНОВ (1907-1979)
Қасым ШӘРІПОВ (1912-1984)
Қабыл БЕКМҰРАТОВ (1914-1980)
Ғұмар АҚҚҰЛОВ (1912-1957)
Кеңесбай ҮСЕБАЕВ (1914-1995)
Ұзақ БАҒАЕВ (1930-1973)
Сапар БАЙЖАНОВ (1930-1999)
Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ (1929-1995)
Көрік ДҮЙСЕЕВ (1936)
Шерхан МҰРТАЗА (1932)
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ (1939)
Нұрлан ОРАЗАЛИН (1947)
Уәлихан ҚАЛИЖАН (1948)
Ержұман СМАЙЫЛ (1948)
Сауытбек АБДРАХМАНОВ (1951)