Сенатор Нұрлан Оразалин журналистерді баспанамен қамту мәселесін тағы көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенатор Нұрлан Оразалин журналистерді баспанамен қамту мәселесін тағы көтерді

11.12.2014
Сенатор Нұрлан Оразалин журналистерді баспанамен қамту мәселесін тағы көтерді

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында  тұрғын үй қатынастары мәселесіне арналған заң жобасын талқылау барысында сенатор Нұрлан Оразалин журналистер қауымын баспанамен қамту мәселесін тағы көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат осы туралы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған еді.

«Біріншіден, «Қолжетімді баспана» бағдарламасына негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана кіреді. Ал,  қоғамдық ұйымдарда қызмет ететін, мемлекетімізге пайдалы еңбек етіп жатқан азаматтарымыз қаншама? Олардың барлығы бірдей бағдарлама бойынша қолжетімді баспанаға құқығы болмай жатады. Екіншіден, журналистер, қаламгерлер, өнер адамдары дәл осы кедергіден ақаулық көріп жүр. Журналистер қауымының басым бөлігі үйсіз-күйсіз», - деді депутат Н. Оразалин.

Сонымен қатар, депутат талқыланып отырған заң жобасында аталған екі азаматтар санатына қатысты норманың қамтылмағанына қынжылыс білдірді.

«Тағы идеологиялық тұрғыдан алатын болсақ, қолына қалам ұстаған журналистер қауымы, мемлекеттік ақпарат құралдарының қаламгерлерін баспанамен қамту бүгін шешілмесе, келешекте де шешімін таппай жүре береді. Ал бұның өзі еліміздегі идеологиялық арнаның әлсіреуіне, оның ойдағыдай жұмыс жасамауына әкеп соғуы ықтимал. Біз өзіміздің журналистеріміздің сөзі орнықты болуы үшін оларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасап отыруымыз керек», - деді Нұрлан Оразалин. 

Хабарламаларға жазылу