Интернет бетінде кездесудің кейінге шегерілуі Головкиннің Ұлыбританияға виза алуына байланысты қиындықтар туындағаны жазылған. Алайда GGG командасында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Кездесудің кейінге шегерілу себебі – құжат рәсімдеуге байланысты болды. Елшілік құжатты дүйсенбі дайын болатынын айтқан. Алайда біз тек сәрсенбі күні ғана алдық. Сол себептен кешігіп келіп отырмыз» - деді Геннадий Головкиннің менеджері Олег Герман.
Көпшілік қауым Головкинмен болатын кездесуде Мартин Мюррейді аутсайдер санайды. Алайда британдық боксшы өзінің нағыз спорттық бабында екенін жасырмауда.
Мюррей барлығы 31 жекпе-жек өткізіп, оның 29-ында жеңіске жеткен. 1 рет тең түсіп, 1 рет жеңіліс тапқан. Бұл ретте отандасымыз болса алдағы болатын кездесуінің маңыздылығын атап өтіп, босаңсымайтынын тілге тиек етті. Ал нокаут королінің жуырда Қазақстанға келіп,мыңдаған жанкүйерлерімен кездесіп, күш-қуат жинап кеткені белгілі.
«Барлығыңызды Монакода болатын кездесуге шақырамын. Жекпе-жектің дайындығына тоқталатын болсам, әр кездесуіме әртүрлі дайындаламын. Бапкеріммен келесі кездесу жайында ақылдасатын боламыз» - WBA (super), IBO және WBC (interim) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Головкиннің Лондонға келуіне байланысты британдық БАҚ өкілдері үлкен қызығушылық танытқан. Баспасөз мәслихаты аяқталған соң журналистер біраз уақытқа дейін Головкинмен тілдесіп, экслюзивті сұхбат алды.
«Геннадий Головкин керемет боксшы. Оның Лондонға келуі біз үшін қуаныш. Мюррейдің Генаға тегеуірнді қарсылық танытады деп ойлаймын. Бізді тартысты жекпе-жек күтіп тұр» - дейді «Sports view London» жобасының басшысы Саймон Пэйдж.
Геннадий Головкин пресс-тур аясында АҚШ пен Мексикаға баруды жоспарлауда.
Еске сала кетейік, GGG және Мартин Мюррей арасындағы кездесу келесі жылы 21-ші ақпан күні Монте-Карлода өтеді.