«Таңшолпан» таңғы бағдарламасы ұйымдастырған «Жырлаймын туған елімді» ақындар байқауының кезекті қатысушысы – Алматы облысы, Есік қаласының тұрғыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлының өлеңі.
Жырлаймын туған елімді
Отан деген Ертіс бойы, бәйтерегім – Астана,
Ойға келер ғимараттар Ақорда мен басқа да.
Жерім, суым, Бурабай – Көкшедегі тауларым,
Жайқалып тұрған қарағай қалың орманым.
Отан десем, оралады Талдықорған, Алматым,
Мекен еткен қаншама жұрт жан-жағын
Осында өтті арайланған таңдарым,
Жастық шағым, жігіттігім, арманым.
Отан десем, оралады Ақтау менен Атырау,
Мұндай байлық көрмеппін-ау, япырау,
Бекіресі шоршып Каспий менен Жайықта
Мұнай тасып, жүйткиді үлкен қайық та.
Отан десе Өскемен, Семей түсер ойыма,
Абай, Шәкәрім, Мұхтар жүрген жолында,
Қабанбай, Бөгенбай жібіткен елдің тоңында,
Қылыш, айбалта ұстап қолына.
Отан десе, Қостанай, Арқалық, Торғайым,
Шақшақ Жәнібек, Ахмет, Мағжан - қорғаным,
Ыбырай, Міржақып, Амангелді маңдайым,
Құтты мекен нұры түскен Алланың.
Сен дегенде, берем жаным, қаным, барлығын,
Орындаумен Президент Жолдауы мен Жарлығын,
Өзіңменен Қазақ елім, ар-ожданды, арлымын,
Қазақ елі!
Елтаңбасы, Әнұраны, биік Туы – байлығым!