«Поэзия әлемінде» - ақын Бауыржан Қарағызұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - ақын Бауыржан Қарағызұлы

08.11.2014
«Поэзия әлемінде» - ақын Бауыржан Қарағызұлы

Жас ақындар арасында шоқтығы биік ақындардың бірі – Бауыржан Қарағызұлы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген көкшетаулық ақын өлеңдегі отаншылдық сезімнің байлығы, ел тәуелсіздігін аталар арманымен ұштастыру идеясы, қазақ жерінің бүгінгі тыныс-тіршілігінің кең жасалған суреті шебер өрілген.

Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерінде үлкен ақындық қиял да, жастық сезім байлығы да, өмір суреттері де, нақты адам образдары да, төкпе ақындық пен бейнелілік те, суреткерлік те бірден көзге шалынады.

Бүгін 13.00-де «Поэзия әлемінде» - Бауыржан ақынның өмірі мен шығармашылығы турасында біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Бауыржан Қарағызұлы - 1982 жылы 17 қазанда дүниеге келген.  Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде, М.Жұмабаев атындағы Петропавл қазақ гуманитарлық колледжінде, «Көкше» академиясында, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алған.

Халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық әдеби конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты және Гран-при жүлдесінің иегері. (2006-2008 ж.)

«Әлемге әйгілі – Астана» атты жыр мүшәйрасының Гран-при жүлдесінің иегері. (2010 ж.) Сейдолла Бәйтереков атындағы арнайы сыйлықтың иегері (2010ж.) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған Діни өлеңдер мүшайрасында лауреат атанып, «Ұмра» қажылыққа жолдама алған. (2010 ж.)

Дүниежүзілік қазақтардың ІV Құрылтайы аясында өткен жастардың Халықаралық «Жырым саған, Атажұрт!» жыр мүшәйрасының Гран–при жүлдесінің иегері (2011 ж.) «Қазақстан патриоты» медалінің иегері (2011 ж.).

Топтама өлеңдері «Жас толқын», «Қызылжардан ескен леп», «Шынға шыққым келеді», «Айдыннан ұшқан аққулар», «Жеңімпаз жас ақын-жазушылар антологиясы», «Көкшетау жас ақындар антологиясы» атты ұжымдық жыр жинақтарға енген.

«Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң. Мен. Түс.» атты жыр-кітаптарының авторы.

Жан бауырым...

Туғандай бір мөлдіреген тұмадан,
Жан бауырым, қал-жайымды сұраған.
Кітаптардан «үй» салар ем, бес бұрыш,
Өлең жазу ұйқас болса құраған...

...Көз алдымда ағып жатыр Сағатым,
Есінейді ала түн.
Жан бауырым, таусылғанша дəм-тұзым,
Таусылмасын төзім, сезім, тағатым.

Ала түнде құл «көсемдер» сөйлейді,
Теледидар... Кіл «шешендер» сөйлейді,
жөткірініп кербезденіп сөйлейді,
күйсей берсін ей, мейлі...

Үміт-үйі құлаған,
Обал ғана бір бұрышта жылаған.
Өлім жайлы түс көреді, шошынып,
Ой, бір адам - құл адам...

«Жасай берсін жарық күн»
Ол да өзінің өтірігінен жалықты.
Неге, неге айқайлайды аналар,
Дауысымен халықтың...

Аппақ ойы қағып-қағып қанатын,
Тағдырының сыбырына қонатын,
Қайтқан құстың көздерінде мөлт еткен,
Ақын едім тілінен күз таматын...

Жан бауырым - мөлдіреген жанарым,
Жүрегіңе ой көзімен қарадым...
...О дүниеден бұ дүниеге келгенмін,
Енді қайда барамын?!
Енді қайда барамыз?!

Хабарламаларға жазылу