ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұл байқауды өткізудегі негізгі мақсаттары - асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізетін термені насихаттау мен тарату арқылы халықты бірлікке, бауырмалдыққа, отанын сүюге, тілін, дінін құрметтеуге шақыру.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 37 тармағын және ҚР Президенті – Н. Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды орындауға бағытталған шараға мемлекетіміздің әр облысынан және Астана, Алматы қалаларынан келген өкілдерімен қатар эстрада жұлдыздары да атсалысты.
Байқаудың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ. Ахмедьяров, ҚР Парламент депутаттары, өнертанушылар, жыршы-термешілер, елімізге танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өнер сүйер қауым өкілдері қатысты.
Кеш қонақтары ерекше меңзеп өткендей, терме – қазақ халқы өнерінің асыл қазынасы, оның өсіп келе жатқан ұрпақтардың бойында отансүйгіш және туған елінің мәдениеті мен өнеріне деген сыйластық қасиеттерін қалыптастырып, халықтың бірлігі мен татулығын асқақтату жолында ойнайтын рөлі зор.
Байқаудың бас жүлдесін Астана қаласының термешісі Елмұра Жаңабергенова, бірінші орынды батысқазақстандық Армат Исламғалиев, екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Кеңесбай Әшірбаев және үшінші орынды Ерболат Шалдыбеков иеленді.
«Терме – текті сөздің төресі» өнер додасының Гран-при иегеріне автокөлік, бірінші, екінші, үшінші орын жеңімпаздарына сәйкесінше 1 миллион, 750 мың және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табыс етілді.