Марат Барлыбайұлы: Суретті өзім үшін саламын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Марат Барлыбайұлы: Суретті өзім үшін саламын

13.10.2014
Марат Барлыбайұлы: Суретті өзім үшін саламын

Портрет - адамның сыртқы келбетін айнытпай бейнелейтін, оның ішкі жан-дүниесін ашып көрсететін бейнелеу өнерінің түрі. Кейіпкердің тұлғасын шынайылықпен сомдаған портреттерді көргенде сүйсінесің.

Негізгі мамандығы дәрігер болса да, сурет салуды жаны сүйетін Марат Утамуратовпен шағын сұхбатымызды ұсынамыз.

Марат Утамуратов

Біздің анықтама:

Марат Утамуратов 1991 жылы 30 тамызда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Сол жерде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектепті 2010 жылы тәмамдап, Қарағанды Мемлекеттік медицина университетіне оқуға қабылданған. Бүгінде осы университетте «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алуда, 5-ші курс.

- Сурет салуға деген әуестік қай кезде пайда болды?

Әлі есімде, мектепте оқып жүргенімде «Бейнелеу өнері» пәні болатын күні қатты қуанатынмын. Әкем де жастық шағында сурет салған. Мектепте, түрлі мерекелерде, мектепаралық жарыстарда суретті мен салатын едім. Университет қабырғасында II-III курстарда да қызығушылықты әрі қарай дамыттым. «Youtube» видеосервисінен сурет салуға үйрететін видеоларды көріп, өзім сияқты басқа да әуесқой суретшілермен тәжірибе алмастым.

Хлоя Морец. Марат УтамуратовКэти Перри. Марат УтамуратовШахрух Хан. Марат Утамуратов

- Суреттің қай жанрына жақынсың?

Мектепте жануарларды, табиғатты, тұрмыстық заттарды салуға бейім болдым. Қазір басқа суретшілердің туындыларынан адам бейнесі салынған портреттерді көріп, қатты тәнті болдым. Мен жалпы, адамның эмоциясын бейнелеуді өте жақсы көремін.

- Сурет салу – хоббиің ғана ма? Бұл өнерге келешекте түбегейлі бет бұратын ойың жоқ па?

Келешекте де хобби болады деп ойлаймын. Өйткені, мен дәрігер мамандығында оқып жатырмын. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Анна («Frozen»). Марат УтамуратовСмурфетта («The Smurfs»). Марат Утамуратов «Мадагаскар». Марат Утамуратов

- Майлы бояумен кенепке салған суреттерің бар ма?

Суретті қазір тек қара түсті және түрлі-түсті қарындашпен саламын. Майлы бояу техникасы ұнайды, бірақ әлі бастаған жоқпын. Егер үйрететін суретші болса, қуана-қуана келісер едім.

- Сурет салуға уақыт табу қиын шығар?

Иә, сурет салу үшін бірінші кезекте шабыт болу керек, шабытсыз сурет жақсы шықпайды. Шабыт - көңіл-күйім жақсы кезде, өзіме қатты ұнаған қандай да бір суретті, фильмді көрген кезде немесе жаныма жақын әсерлі әуендерді тыңдаған кезде пайда болады.

Ал, егер суретті сол уақытта салмай оны кейінге қалдырсам, еш нәтиже шықпайды. Мен суретті фотоға қарап саламын, өз ойымнан сурет салып көрген жоқпын.

Джек Воробей (Джонни Депп). Марат Утамуратов Леголас (Орландо Блум). Марат Утамуратов

- Салған суреттеріңе көңілің тола ма?

Бұл хобби болғандықтан және де арнайы оқу орнын бітірмегендіктен болар, суреттерімнің дені көңілімнен шықпайды. Өйткені, мен суретті фотоға қарап саламын. Кейіпкердің көңіл-күйін, бет-әлпетті, шаш-киім үлгісін қағаз бетіне айнытпай түсіргім келеді.

- Мамандығың – дәрігер. Хоббиің – сурет салу. Басқа қандай өнерге жақынсың?

«Жігітке жеті өнер де аз», дейді ғой. Мендегі құлшынысты өнер деп айтуға келмейтін сияқты. Сурет салудан басқа ән айтуға қатты қызықтым, дауысың бар деп айтатын еді көбі мектепте жүргенде. Одан басқа мүсін жасауға, тұрмыстық заттардың, киімнің, үйдің дизайнын жасағанды ұнатамын.

- Салған жұмыстарыңның арасында ең үздігін аташы.

Жоғарыда айтып кеткендей, ешқайсысы көңілімнен шықпаған соң, үздігі жоқ. Суреттерімді көріп жүрген достарым, туыстарым, таныстарым білетін шығар жақсысын.

- Көбіне шетел жұлдыздарының суретін салады екенсің. Кеше инстаграм әлеуметтік желісінде Аян Өтепбергеннің суретін жүктеген екенсің, Аян рахметін айтып, бөліскен соң, байқап қалдым...

Иә, мен шетелдің фильмдері мен әуендерін жиі көріп-тыңдағаннан болар, көбіне маған олардың бейнесін салған ұнайды. Келешекте қазақстандық жұлдыздардың да бейнесін салуға тырысамын. Мен туындыларымды салып біткен соң, ғаламторға орналастырамын. Бұл – пиар емес. Мен суретті өзім үшін саламын және шабыт берген кейіпкерлерімді жадымда сақтағым келеді.

Аян Өтепберген. Марат Утамуратов Аян Өтепберген. Марат Утамуратов Анджелина Джоли. Марат Утамуратов Анджелина Джоли. Марат Утамуратов Меган Фокс. Марат Утамуратов Рианна. Марат Утамуратов Рианна. Марат Утамуратов Бейонсе Ноулз. Марат Утамуратов Джаред Лето (30 Seconds to Mars). Марат УтамуратовЕва Грин. Марат Утамуратов Ева Грин. Марат Утамуратов Ева Грин. Марат Утамуратов

Сұхбаттасқан: Дәурен СЫЗДЫҚОВ

Хабарламаларға жазылу