Әлемге күйдің құдіретін танытып жүрген өнерпаз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемге күйдің құдіретін танытып жүрген өнерпаз

11.10.2014
Әлемге күйдің құдіретін танытып жүрген өнерпаз

Анар Мұздаханова Динаның, Құрманғазының, Тәттімбеттің біраз күйлерін алты жасында үйреніп алған екен.  Алты жасында ауыл-аймақтың мақтанышына айналып үлгерген күйшінің әкесі Айтбай да  бүкіл Қостанай өңірін дүрілдеткен күйші болған. Күйшілік өнерді мұрат тұтқан, әрі өзі де елуден астам күйдің авторы атанған.

Ұлттық арна Анар Мұздаханованың «Аққу домбыра» атты шығармашылық кешін ұсынады. Бүгін 17.50-де көріңіз.

Біздің анықтама:

Анар Айтбайқызы Мұздаханова – 1964 жылы 25 мамырда Қостанай облысы, Амангелді ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің музыка факультетін (1986) домбыра класы, концерт орындаушысы мамандығы бойынша, Арқалық педагогикалық институтын (1998) оқытушы, ансамбльдің жетекшісі мамандығы бойынша бітірген.

2002 жылы жарық көрген «Бабалар үні» кітабының тең авторы. 1986 жылдан - Арқалық пионерлер үйі ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі. 1991 жылдан - Ақмола облыстық филармониясының солисі.

1998 жылдан бері - Мемлекеттік филармонияның жанындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі (Астана қаласы). Елімізбен қатар, шетелдерде  - Ресейде (Мәскеу қ.), ҚХР (Бейжің қ.), Мажарстан (Будапешт қ.), Түркияда (Анкара қ.), Оңтүстік Кореяда (Сеул қ.), Ұлыбританияда (Лондон қ.) өнерін көрсеткен.

Анар Мұздаханова 1991 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық аспапшылар конкурсы жеңімпазы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (1994).

2010 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 

Хабарламаларға жазылу