Астанада шетелде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада шетелде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі басталды

10.10.2014
Астанада шетелде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі басталды

Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің ғимаратында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен шетелдерде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалінің ашылу рәсімі өткізілді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Шетелде тұратын отандастарымызбен мәдениет және руханият, сондай-ақ, білім салаларындағы байланысты дамыту мен олардың ұлттық әлеуетін арттыруды мақсат етіп қойған шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, шығармашылық интеллигенция өкілдері, өнер әуесқойлары мен 20-дан аса алыс және жақын шетелден келген қазақ диаспораларының өкілдері қатысты. 

Шара аясында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты  ақындар мүшәйрасы, термешілер сайысы және суретшілер көрмесі және өзге елдерден келген қандастарымызға Елорданың ең көрікті жерлерін көрсетуге бағытталған саяхат ұйымдастырылды.

Фестивальдің салтанатты ашылуында Халықаралық фестивальға қатысушыларға арнап ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М. Әзілханов, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О. Асанғазықызы,  Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы Абдулқайым Кесежи және т.б. өз құттықтауларын жеткізді.

Байқау қорытындылары бойынша жеңімпаздар диплом, алғысхаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталып, фестиваль мерекелік гала-концертпен аяқталатын болады.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу