ҚР Президентінің «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында «Текті сөздің төресі - терме» республикалық термешілер байқауы өткізіледі.
Бұл туралы бүгін Астанада аталған байқауды ұйымдастыруға байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында 2014-2016 жылдар аралығындағы іс-шаралар жоспарының 37 тармағын және ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткізілетін шараға еліміздің облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан 2 орындаушыдан қатысады.
Қазылар алқасының назарына ұйымдастырушылар ұсынған тақырыптардағы жаңа термелерін ұсынылатын болады.
Белгілі болғандай, байқау жеңімпаздары ірі ақшалай сыйлықтармен марапатталады, ал, Гран-При иегеріне автокөлік сыйға тартылады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті ұйымдастыратын байқаудың өткізілуі 2014 жылдың 8 қарашасына жоспарланып отыр, деп жазады ҚазАқпарат.