Сазгер Баян Қабиеваның «Ән-ару» атты шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сазгер Баян Қабиеваның «Ән-ару» атты шығармашылық кеші өтті

08.10.2014
Сазгер Баян Қабиеваның «Ән-ару» атты шығармашылық кеші өтті

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сазгер, әнші-термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның «Ән-ару» шығармашылық кеші өтті. 

Сазгердің 60 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылған кеште облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен өңір басшысының атынан құттықтап, тарту-таралғысын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеште Қабиевтер отбасылық ансамблі әннен шашу шашса, айтыскер ақындар Жібек Болтанова, Айбек Қалиев, сондай-ақ Бауыржан Халиолла, Ертай Бимұханов, Жансая Мусина, Талғат Мықи жырдан «алқа» тақты.

Сонымен қатар, «Шапағат» әжелер ансамблі мен «Қыз Жібек» тобының өнері де көрерменді тәнті етті.

Айта кетейік, Баян Қабиева Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Алматы эстрадалық студиясында Ғ.Құрманғалиев класынан дәріс алған. Автордың 60-қа жуық әні бар. 1988 жылы құрған Қабиевтер отбасылық ансамблі бүгінде көпке танымал. Сондай-ақ, 2009 жылы Жалпақтал ауылдық мәдениет үйі жанынан Б.Қабиеваның бастамасымен «Шапағат» әжелер ансамблі құрылған.

Хабарламаларға жазылу