Интернет-казино қызметіне тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет-казино қызметіне тыйым салынады

08.10.2014
Интернет-казино қызметіне тыйым салынады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы еліміздегі ойын бизнесі саласындағы заң нормаларын жетілдіруді көздейді. Мұнда ойын бизнесі туралы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін алшақтықтар мен қайшылықтарды жою шараларын қарастырады.

Сонымен қатар, интернет-казино қызметіне, оның ішінде Қазақстан аумағындағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салу белгіленеді. Бұдан бөлек, ойын бизнесі саласында лицензия алу кезінде өтініш берушілердің талаптарын қатаңдату қарастырылады.

Ойын бизнесі саласына салынатын салық мөлшері арта түседі. Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаевтың айтуынша, заң жобасы бойынша букмекер кеңсесі және тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептік көрсеткіштен (138 900 теңге) 150 айлық есептік көрсеткішке дейін (277 800 теңге) ұлғаятын болады. Ал, букмекер кеңсесі мен тотализатордың электрондық кассасына салынатын салық 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (3 миллион 704 мың теңге) артады.

Бұл ретте электрондық кассаға салықты арттыру негізінен оны пайдаланушылардың көптігіне қарай орын алып отыр. Мәселен, орта есеппен алғанда Интернет-ресурс арқылы бәс тігуге тіркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жетеді әрі олардың 50 пайызы тұрақты қатысушы саналады.

«Ойын мекемелерін, букмекер кеңсесі кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй  ғимараттарға орналастыруға тыйым салынады», -деді вице-министр.

Хабарламаларға жазылу