Америкалық киножұлдыз Леонардо Ди Каприо Apple компаниясының негізін салушы Стив Джобстың рөлін сомдаудан бас тартты. Себебі, ол кино саласынан біраз уақытқа қол үзбекші, деп хабарлайды Hollywood Reporter.
Алғашында актер Джобстың өмірбаянына негізделген фильм түсірілімі турасында туынды авторы Уолтер Айзексон және көпшілікке «Әлеуметтік желі» фильмімен танымал сценарист Аарон Соркинмен келіссөз жүргізе бастаған.
Лео бұл картинаға режиссер Алехандро Гонсалес Иньярритудың «Оралман» фильмінің түсірілімі аяқталған соң, кіріспекші болған. Алайда, актер бұл ойынан айнып қалды.
Енді студия Стив Джобстың рөліне лайықты адамды іздестіріп жатыр. Үміткерлер қатарында – Кристиан Бейл, Мэтт Дэймон, Бэн Аффлек және Брэдли Купер бар. Басылымның хабарлауынша, Купер бұл рөлге келіспеуі мүмкін. Себебі, ол жақында ғана «Бухгалтер» фильміндегі рөлге келісіп қойған.
Айта кету керек, Ди Каприо 16 қыркүйек күні БҰҰ Жер шары климаты мәселелері бойынша әлем елшісі атанды.