Астанада «Жылдың ең үздік ұстазы» атағына №4 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сайлаугүл Қаршыға лайық деп танылды. Бүгін Астанадағы Конгресс-Холл сарайында ұстаздар күніне орай өткен салтанатты шарада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов үздік ұстазға «Шкода» автокөлігінің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл мерекені ең жылы мереке деп атағаннан басқа теңеу жоқ. Өйткені ұстаз деген - қашаннан адам жанына жылу беріп, санасына сәуле түсіретін тұлға. Осы сәтті пайдалана отырып, мен елордамыздың барлық ұстаздарын шын жүректен құттықтап, өз мамандығына деген адалдықтары үшін шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздерге тек зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Мерекелеріңізбен!» - деді И. Тасмағамбетов құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, шара барысында «Үздік мектеп», «Үздік балабақша», «Үздік колледж», «Үздік ұстаздар ұжымы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі», «Үздік мамандандырылған мекеме» және «Үздік білім беру сайты» деген атылымдар бойынша да бағалы сыйлықтар мен мақтау грамоталары табысталды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Елордалық ұстаздар алдында олардың шәкірттерімен бірге елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Шараға балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, арнайы және техникалық білім беру мекемелерінің ұстаздары және ҚР Парламенті депутаттары қатысты.