Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің ресми сайты.
Шараның мақсаты - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу. Аталмыш байқауға 18-25 жас аралығындағы облыстың қала, аудандарында өткен байқаулардың жеңімпаздары қатысып, өз біліктілігін шыңдады.
Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша бірінші орынды Екібастұз қаласының үміткері Назерке Дүйсенбай, 2 орынды Лебяжі ауданынан Айзада Рысбекова, 3 орынды Шарбақты ауданынан Айгерім Жұманғалиева иеленді.
Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтар, дипломдар және алғыс хаттармен марапатталып, олимпиада жеңімпазы республикалық байқауға жолдама алды.