Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады

03.10.2014
Бас мүфти  Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти  Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты хабарлады.

«Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Биыл мұсылман қауымы бұл мерекені 4, 5, 6 қазан күндері тойлайды. Құрбан айттың бірінші күні мешітте айт намазы оқылғаннан кейін Алланың разылығы үшін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады»,-деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды игі іс істеуге шақырды. «Мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе, қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын», - деді ол.

«Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт құтты болсын, ағайын! Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!»,-деді Бас мүфти.

Фото: muftyat.kz

Хабарламаларға жазылу