Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, Алматы қаласының әкімдігі «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль өткізеді. Бұл туралы «Айқын» газеті хабарлайды.
Мақсат - қаладағы барлық қоғамдық ұйымдардың, түрлі әлеуметтік топтардың күшін мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізуге, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру.
Фестиваль барысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, қалалық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттайды.
Сонымен бірге, мерекеде Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.
Айта кетейік, Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру үшін 20 сала бойынша іс-қағаздар үлгілерінің жинағы, орысша-қазақша тілдескіштер, терминологиялық сөздіктер шығарылған.
Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған «Балаларға базарлық» атты 2 аудиокітап, жасөспірімдер үшін «Асыл сөз» атты қазақ қаламгерлерінің 5 әңгімесінен құрастырылған 1 аудио кітап, 3 дискіден тұратын қазақ тілін үйренуге арналған бейне құрал жарық көрген.
Тағы бір үлкен жоба – «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты мультфильмнің 85 сериясы көрермен назарына ұсынылды. Қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылды. Жоба қазақ эпостарының желісінде түсірілген анимациялық фильмдермен толықтырылды.Жинаққа «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» мультфильмдері енген.
Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау мақсатында «Абай оқулары», «Пушкин және Шевченко оқулары», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары», «Тіл мерейі», «Тіл шебері», «Көркем сөз оқу шеберлері» атты қалалық байқаулары өтті.