Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Қалыптасуы, мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Қалыптасуы, мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті

19.09.2014
Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Қалыптасуы, мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті

Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Қалыптасуы, мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық IT-компаниялар ассоциациясы, «Инфокоммуникациялық технологияларды дамыту қоры», Қазақстандық интернет-бизнес пен мобильдік коммерция ассоциациясы,   «Казконтент» АҚ ұйымдастырды.

Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев құттықтау сөзінде: «Біз интернеттің қазақстандық сегменті және жалпы АКТ саласының дамуында маңызды бетбұрысты кезеңдерді бастан кешірдік. Бұдан 10 жыл бұрын интернет-пайдаланушылардың саны халықтың 4 пайызын да құрамады.

Ал, бүгінгі күнде олардың саны 12 миллион адамға жетті.  Қазақстандықтар барлық қалалар мен талай аудан орталықтарында 3G жылдамдығындағы интернетті қолдануда, облыс орталықтарында   4G қызметі іске қосылды, FTTH сымды технологиясы дамып келеді.

Келесі жылы біз барлық ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықпен қамтамасыз ету үшін «Оптикамен ауылға» жобасын бастаймыз.  Инфрақұрылымды дамытумен қатар, бүгін интернет арқылы пайдалануға болатын электрондық үкіметтің қызметтері мен сервистеріне үлкен назар аударылып келеді.  Бүгінгі күні олардың саны 570-тен асты» - деп атап өтті. 

2014 жылдың 1 қыркүйегінде.kz доменінде 115 мың атау, ал .қаз  доменінде 1800 атау тіркелген, 30-дан астам провайдер хостинг қызметін көрсетуде, тіркелудің бөлінген жүйесі енгізілді.

Қазақстандық IT-компаниялар ассоциациясының төрағасы Нұрлан Исин өз баяндамасында Казнеттің 2004 жылдан бастап қарқынды дами бастағанын, және сала дамуына мемлекеттің қатысуы арқасында магистралды байланыс каналдары мен интернетке сымсыз қатынау мүмкіндігінің пайда болғанын атап өтті.

«Қазнет дамуындағы жетістіктер Интернет пайдаланушылары санының өсуіне алып келді, бұдан бөлек Қазақстан «Wikipedia»-дағы мақалалар саны бойынша 75 орынға көтерілді.» - деп толықтырды Нұрлан Исин.

Дөңгелек үстел аясында «Блог-платформаға» мобильдік қолжетімділік жобасы, интернет-компаниялардың үздік 100-дігі алғашқы қазақстандық рейтингісі көрсетілді. Сонымен қатар, Қазнеттің қалыптасуы мен бүгінгі жағдайы, Интернет дамуының негізгі трендтері, Интернетке қол жеткізу сұрақтары, электрондық ақша мен Интернет арқылы тауарлар үшін төлем мәселелері талқыланды.

Бұдан басқа, хостинг, е-коммерцияның дамуы, логистика мен тауарларды жеткізуді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына Инвестициялар мен даму министрлігі және басқа мемлекеттік құрылым, Домендік атауларды басқару бойынша халықаралық ұйым (ICANN), Қазақстандық IT-компаниялар ассоциациясы, «Инфокоммуникациялық технологияларды дамыту қоры», Қазақстандық интернет-бизнес пен мобильдік коммерция ассоциациясы,   «Казконтент» АҚ, КазНИК, Интернет Ассоциациялары, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҰАТ» АҚ, Beеline, Lamoda.kz, AirAstana, Chocofamily, Меломан, Kolesa.kz, Kassa24.kz, Sulpak.kz, АЛСИ,  ККБ,  Халық банкі,  zero.kz,  nur.kz, yvision порталдары, жарнамалық агенттіктер, веб-студиялар өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел аяқталысымен Алматы қаласының мәдениет демалыс орталық саябағында қаланың ресми тұлғалары, ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі мен жеңімпаз-сайттардың өкілдері AWARD.KZ Ұлттық интернет-сыйлығының 11 жыл ішіндегі жеңімпаздары аллеясының іргетасын қалады. 

Хабарламаларға жазылу