Амангелді Ахметжан: Арманым – құс қанатындағы ән жазу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амангелді Ахметжан: Арманым – құс қанатындағы ән жазу

18.09.2014
Амангелді Ахметжан: Арманым – құс қанатындағы ән жазу

Ерекше қоңыр дауысымен халықты әсем әнге бөлеп жүрген әнші Амангелді Ахметжан бүгін редакциямызда қонақта. Оқырмандарымызды оның шығармашылығымен таныстыру мақсатында сөзге тартқан едік.

-Әншілерге қойылар дәстүрлі сұрақтан бастасақ... Әншілік өнер кімнен дарыған?

-Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы ән қонған өлке, әріде Қали Байжанов, беріде Мақпал Жүнісова туған Теректі ауылында дүниеге келдім.

Атам да қоңыр үнді домбырамен ән салатын. Өз заманының дарабоз әншілері, 70-жылдардың өнер майталмандары Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиев, Қапаш Құлышова сынды дарын иелерімен дос болған, сырлас болған адам.

Маған алғаш домбыра ұстатып, көптеген халық әндерін үйретіп, өнерге баулыған да атам.

-Қанша әніңіз бар?  Продюсермен жұмыс істейсіз бе, әлде...

-Бүгінде ән қоржынымда өз репертуарымнан 5 ән, дуэттік бағытта 5-6 ән бар. Әзірше, жеке продюссеріміз жоқ. Егер ондай адамдар табылып жатса, қолғабыс етіп, демеуші боламыз десе де қарсы емеспіз.

-Бүгінгі айтылып жүрген кейбір әндердің мәтіні түсініксіздеу ме, сіз көбіне ән мәтініне мән бересіз бе?

-Мен тіл-әдебиет мамандығы бойынша білім алғандықтан, әуелгіде әннің мәтініне көп көңіл бөлемін. Ал, әуен тұрғысынан келсек, жолдасым эстрада-вокал мамандығын бітіргендіктен, оның пікірімен санасамын. Ән таңдарда ортақ пікір қабылдаймыз. 

-Өзіңізге көбіне әннің қандай бағыты жақын?

-Негізінен барлық  әндеріміз лирикалық бағытта. Сондықтан да, біздің болмыс-табиғатымызды ашатын кез-келген әнді орындауға тырысамыз. Һас жүйрік күй талғамайды дегендей, музыканың әр бағытындағы әндерді орындап көрсек дейміз.

-Бейнебаян түсіру жағы қалай?

-Бүгінге дейін кәсіби деңгейде бейнебаян түсірген жоқпыз. Алла қаласа, биыл күз айларына жоспарларымыз бар.

-Әннен бөлек, өлең шығаратын да өнеріңіз бар екен...

-Абай атамыз айтпақшы,  «өлеңге әркімнің-ақ, бар таласы». Оқушы кезде, студенттік кезде ішкі сезім, ғашықтық туралы жазып, өлеңші танылып  жүрдік. Кейін мықты ақындарды көргеннен кейін мүлдем жазбайтын болдым.

-Халық арасында жиі айтылатын «Қалқатай» әнінің шығу тарихы туралы айтсаңыз...

- «Қалқатай» әні студенттік кезде шыққан. Махаббат туралы. Бір аруды  қатты жақсы көрдім. Бірақ, ол одан бейхабар болатын. Көп ұзамай ол тұрмысқа шығып кеткен. Оған деген сезімімді сөзбен емес, әуенмен жеткізбекші болып, ән арнадым.

Кейін әннің сөзін досым ақын Мирас Асанға жаздырдым. Сөйтіп, 2009 жылы музыкалық өңдеуін жасап, сіз айтқан «Қалқатай» әні дүниеге келді.

-Естуімізше, жарыңыз да әнші...

-Өмірлік жарым – әнші. Есімі – Зағыпран. Ол Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің эстрада-вокал мамандығы бойынша білім алған. Бірнеше облыстық, республикалық ән байқауларының жүлдегері. Қазіргі таңда ұстаздық етіп жүр.

Оның бойында қазақы тәрбие бар. Екеуміз де өнер жолын таңдағандықтан, бір-бірімізді толықтырып тұрамыз.

-Тойларға шығып, ән саласыз ба?

Әрине, қазіргі таңда тойға шықпайтын әнші жоқ. «Той – Тәңірдің қазынасы», деп жатамыз. Қазақтың тойы таусылмасын, қазынасы ортаймасын.

-Алдағы жоспарыңыз, арманыңыз бар ма?

-Алда жоспар көп. Жеке бейнеклип түсіріп, жаңа әндер жазу. Халықтың көзайымына айналу. Ал, басты мақсатымыз – әрбір жазылған жаңа әннен қазақы бояуды жоғалтпау.

Арманым – құс қанатындағы ән жазу.

Хабарламаларға жазылу