Қазақстан Ұлттық құрамасы және Жазғы Азия ойындары туралы қызықты мәліметтер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Ұлттық құрамасы және Жазғы Азия ойындары туралы қызықты мәліметтер

15.09.2014
Қазақстан Ұлттық құрамасы және Жазғы Азия ойындары туралы қызықты мәліметтер

Санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында 2014 жылдың басты додасы – Жазғы Азия ойындары басталады. Қазақстан спортшыларының алдына жалпыкомандалық есепте 4-ші орынды иеленіп, 20-дан астам алтын медаль жеңіп алу міндеті қойылған. Осынау дүбірлі доданың алдында Азия ойындары және Қазақстан құрамасы туралы ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің ұсынған қызықты мәліметтер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстан Ұлттық құрамасы Жазғы Азия ойындарына осымен алтыншы рет қатысқалы отыр.

Ұйымдастыру комитетінің мәліметіне қарағанда, бұл жолғы Азия ойындарына құрлықтың 45 елінен 13 000 спортшы мен жаттықтырушы қатыспақ. Азия ойындары барысын БАҚ-тың 7000 өкілі қадағалайтын болады.

Өткен ойындармен (Гуанчжоу қ., Қытай) салыстырғанда жарыс бағдарламасына бірқатар өзгеріс енген. Бағдарламадан өткен ойындарда қазақстандық спортшылар чемпион және жүлдегер болған спорттың шахмат, спорттық би сынды түрлері алынып тасталған. Аталған ойындар бағдарламасына 41 олимпиадалық және 9 олимпиадалық емес спорт түрлері – барлығы 50 спорт түрі енген. 439 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

XVII Жазғы Азия ойындарында Қазақстан Ұлттық құрамасы 11 спорт түрінен жарысқа қатыспайды, оның ішінде 7 спорт түрі біздің елде таралмаған. Олар софт теннис, кабадди, крикет, сквош, сепактакроу, бейсбол, ВМХ. Мұнда 25 медаль жиынтығы сарапқа салынады, сондай-ақ, боулинг, бадминтон, суға секіру және футболдан (Қазақстан УЕФА-да ойнайды) 38 медаль жиынтығы ойналады.

Осы спорт түрлерін есептегенде, сондай-ақ, жүзу, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлері бойынша құрама толық жасақталмаған себепті қазақстандық спортшылар 120 медаль жиынтығы сарапқа салынатын сындарға қатыса алмайды. Сараптама көрсеткендей, біздің алдымызда жалпыкомандалық есепте мықты бәсекеге төтеп беру сыны тұр.
Гуанчжоудағы өткен Азия ойындарында біздің елімізден 36 спорт түрінен 362 спортшы қатысты. Бұл спортшылар саны жағынан Азия елдері ішінде 9-шы көрсеткіш. Бұл жолы біздің 420 спортшымыз 39 спорт түрінен сынға түспек. Олардың 207-сі ерлер және 213-і әйелдер.

Қазақстан спортшыларының орташа жасы – 24,5. Ең жас спортшы – 15 жасар Ксения Кондратенко (ескек есу слаломы). Ең егде спортшы Нұрлан Мақұлбеков (гольф) – 59 жаста.

Биылғы делегацияның құрамында 1998-2010 жылдардағы Азия ойындарының 17 чемпионы бар. Оның 7-уі Гуанчжоудағы чемпиондар: О.Рыпакова (жеңіл атлетика), М.Мұқашева (жеңіл атлетика), Д.Карпов (жеңіл атлетика), Д.Елеусінов (бокс), Д.Асәділов (каратэ), Р.Сағындықов (каратэ), Н.Тынәлиев (грек-рим күресі).
Инчхонда сынға түсетін спортшылардың саны бойынша өңірлер арасында Алматы көш басында: Алматы қ – 111 адам (23 спорт түрі), Астана қ – 63 (22), ОҚО – 56 (16), Алматы обл. – 38 (13), Қарағанды обл. – 29 (13), Павлодар обл. – 20 (8).

Қазақстанның спорттық делегациясын Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов басқарып, Ту ұстап шықпақ.

Айта кететін жайт, Қазақстан құрамасы сары құрлықтың спортшыларын біріктіретін аталмыш додада дәстүрлі түрде үздік бестіктің қатарына енеді.

Мысалы, Қазақстан құрамасы 1994 жылы 25 алтын, 26 күміс және 26 қола жүлде иеленіп, 4-орынды иеленді.

1998 – 24 алтын, 24 күміс және 30 қола жүлде (5-орын).

2002 – 20 алтын, 26 күміс және 30 қола жүлде (4-орын).

2006 – 23 алтын, 19 күміс және 43 қола жүлде (4-орын).

2010 – 18 алтын, 23 күміс және38 қола жүлде (5-орын).

sk-sport.kz

Хабарламаларға жазылу