Бүгін - сатирик, жазушы, әдебиеттанушы ғалым, аудармашы, сыншы, тарихшы Сәйділ Талжановтың туған күні. Ол 1906 жылы 6 қыркүйекте Қарағанды облысы, Нұра ауданында дүниеге келген.
1934 жылы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Қазақ КСР Оқу министрлігінде, Ауыл шаруашылығы институтында (1934–1937), Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (1956–1958), Қазақ КСР Ғылым академиясында (1958–1972) қызмет атқарды.
Алғашқы кітабы 1957 жылы «Ұстаның үйі» атауымен жарыққа шықты. 1959 жылы «Степной сокол», 1965 жылы «Адам туралы аңыз», 1979 жылы «Өткен күндер сөйлейді» атты еңбектері жарық көрді.
Ғалымның «Көркем аударма туралы» (1962) еңбегі оған кандидаттық дәреже алып берсе, «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» (1975) кітабы ғылым докторы дәрежесіне көтерді.
Аудармаға «Көлденең адамның кәсіпшілік ететін ермегі емес, мемлекет ісінің бірі, ұлттық мәдениетті жасаудың құралы», деп баға берген қаламгер Талжанов С.Сефуллин, Б.Майлин, М.Әуезовтің шығармаларын орыс тіліне, орыс жазушылары И.А.Крыловтың, А.С.Пушкиннің, И.С.Тургеневтің, Н.А.Добролюбовтың, А.М.Горькийдің, Ф.М.Достоевскийдің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Аудармадағы тырнақалды туындылары - М.Горькийдің «Суайт саршымшық пен шыншыл тоқылдақ туралысы» мен Шығыс әдебиетінің інжу-маржаны – «Қалила мен Димна».
«Бүкіл болмысы, тірлік-тынысы туған халқының тарихымен тұтаса бірігіп, айырып алғысыз пішінге ие болатын тұлғалар бар. Олар ел басына түскен ауыртпалықты қатар көтерісіп, шұғылалы күндер шуағын қосыла маздатып, сәулелендіріп тұрады.
Белгілі жазушы, кәнігі аудармашы, ғалым Сәйділ Талжанов сондай зиялылардың алдыңғы сапында болмағанмен, соларға ілесе жүріп, көп тағылым алған, өмірден көргені мен тоқығаны мол, болмысы бөлектеу білімдар жан еді».
Сәйділ Талжановтың өмірі мен шығармашылығына академик Өмірзақ Айтбайұлы осылай деп баға береді.