Алтайдан қобызға ұқсас музыкалық аспап табылды (ФОТО)

07.08.2014
Алтайдан қобызға ұқсас музыкалық аспап табылды (ФОТО)

Алтайдан белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында шамамен 40 жастағы сарбаздың сүйегі табылды.

Бұл туралы Түркі академиясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.

Жауынгердің денесінің қасынан сол дәуірдің қару-жарағы атап айтқанда, дулыға, садақ, жебе, қорамсақ, қылыш сонымен қатар, аттың сүйектері мен алтын жалатылған ер-тұрман, жүген табылды.

Сарбаздың қасына қобызға ұқсас музыкалық аспаптың қойылуы археологиялық қазба жұмысының басты жаңалығы болып отыр.

Ескерткіш Түркі академиясының «Батыс Түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы» атты ғылыми зерттеу жобасы негізінде қазылған.

Бұған дейін «Берел» қорымынан мол жәдігер тапқан  археолог Зейнолла Самашев: «Алғашқы сараптамалар нәтижесі бойынша жауынгер шамамен VII ғасырда өмір сүрген деп болжанып отыр. Адам мен аттың сүйегі өте жақсы сақталған. Бұл сүйек  қатардағы сарбаздың емес, жырау немесе қоғамда жоғары мәртебе ие болған адамның сүйегі болуы мүмкін», дейді.

Бір қызығы, былтыр дәл осы өңірден археологиялық топ екі көне аспап түрін тапқан болатын.

Тарихи олжаның нақты дәуірі Түркі академиясы жанында жүргізілетін арнайы сараптамалардан кейін анықталады.

Хабарламаларға жазылу