Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақ елін Қадір түнімен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты хабарлайды.
«Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен.
Бұл түнде әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі - қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсіріле бастаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.
Қадір – бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылман құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.
Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін! Көп ұлт пен ұлыстың тұрағына айналған Отанымыздың бірлігі мен ынтымағы арта бергей! Әмин!», делінген құттықтауда.