Қазақстан визасыз режимге ие елдердің қатарын ұлғайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан визасыз режимге ие елдердің қатарын ұлғайтпақ

10.07.2014
Қазақстан визасыз режимге ие елдердің қатарын ұлғайтпақ

ҚР Сыртқы істер министрлігі  Қазақстанға визасыз кіре алатын елдер қатарын кеңейтпек.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев мәлімдеді.

«Көптеген елдер осындай жеңілдетілген визасыз режим алғылары келеді. Біз қазіргі уақытта қолға алынған қанатқақты жобадан кейін Қазақстанмен визасыз режимге ие елдердің тізімін кеңейтпекпіз», - деді Р.Жошыбаев.

Қазақстанда біржақты тәртіппен 10 мемлекет азаматтары үшін визасыз кіру биылғы жылдың 15 шілдесінен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл тізімде  АҚШ, Нидерланд, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы және Жапония бар.

Хабарламаларға жазылу