Астана күнінде 70-тен астам шара ұйымдастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күнінде 70-тен астам шара ұйымдастырылады

30.05.2014
Астана күнінде 70-тен астам шара ұйымдастырылады
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына елорда күніне орай мерекелік бағдарлама ұсынылады. Бұл ретте мереке қарсаңында «Астана игілігі үшін» деп аталатын акция өтеді.
 
Сонымен қатар, «Қайсар керуен» қайырымдылық веложарысында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астана көшелерін велосипедпен аралайтын болады.
 
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» жыл сайынғы көшпелілер өркениеті фестивалі әдеттегідей дуалды қала формасында емес, жәрмеңкеге арналған шатырлы кешен ретінде ерекшеленбек.
 
«Өзен әуендері» классикалық музыка кештері жаңа форматта безендіріледі. Сахна дәстүрлі түрде өзенге құрылады, ал оның сыртқы көрінісі шығыс сарайын еске түсіретін болады.
 
«Астана-арқау» түркі музыкасы фестивалі бірқатар елдердің күйшілері мен әншілерінің басын қосады. Фестивальға Қазақстан, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Моңғолия, Алтай, Тыва, Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Дағыстан елдерінің музыканттары қатысады.
 
Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін шараларға тоқталсақ, «Сарырақа» республикалық велотрегінің сахнасында биыл «The Jigits», «Пицца», «Blue» топтары, Ғалымжан Молданазаров, Қайрат Нұртас, Полина Гагарина және аты әзірге құпия әлем жұлдызы өнер көрсетеді. Роза Рымбаева, Юрий Антонов және «Дос Мұқасан» тобы мен «Жетіген» ретро концертке қатысады.
 
Бұдан бөлек, «Аялаған Астана» ұлтық музыкалық телевизиялық балалар байқауының финалы мен Дариға Назарбаеваның бастамасымен «Астана кештері» халықаралық фестивалі өтеді. Фестиваль Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Италияның танымал орындаушылары қатысатын үш концерттен тұрады.
 
«Битва городов» әзіл-сықақ фестивалі Қазақстанның қай қаласы қалжыңның көрігін қыздыратынын анықтамақ. Шаттық мерекесіне «Мәссаған» жобасы, «KZландия», «Лица Столицы» скетч шоуы қатысса, олардың өнерін «Comedy Club» танымал резиденті «Семен Слепаков» бағалайды.
 
Елорда күні қарсаңында «Астаналық» орталық саябағы ашылады. Қалалық мәдениет және демалыс паркі енді жаңа заманауи, технологиялық көркем кейіпке енеді.
 
Сонымен қатар, ұйымадстырушылар «Мәңгілік ел ұлт мұраты» поэзия кешін және «Үш бәйтерек» көркем сөз оқудан байқау өткізеді. Онда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев сынды әйгілі ақындардың шығармалары орындалмақ.
 
Астана қаласы тұрғын үй алаптарындағы тұрғындарға арналған «Астана шаттық» көшпелі концертінде Дильназ Ахмадиева, «Ринго» тобы, Әлішер Кәрімов, Қайрат Түнтеков ән шырқайды.
 
Астана күні мерекесіне жыл сайын Қазақстанның басқа да қалалары мен түрлі елдерден 100 мыңнан астам қонақтар қатысады. Қала күніне арналған мерекелік шаралар билеттері сатылымынан түскен қаржы әдеттегідей мүгедек балалардың еміне жұмсалады, деп хабарлайды astana.kz.
 
 

 

Хабарламаларға жазылу