Бүгін – Сағадат Нұрмағамбетовтың туылған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Сағадат Нұрмағамбетовтың туылған күні

25.05.2014
Бүгін – Сағадат Нұрмағамбетовтың туылған күні
Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Еңбек ауылында (қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданы) дүниеге келді.
 
Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылы сәуірде Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберіледі.
 
Солтүстік Кавказ, Украин және Беларусь майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті.

Бауыржан Момышұлының қайталанбас ерліктерін басқа қырынан көр­сеткен, өзге халықтарға қазақтың кім екенін мойындатқан қатардағы жауынгердің бірте-бірте өз ортасында сыйлы азамат ретінде танылып, ерліктері арқылы айналасына ерте танылғаны мәлім. Оның ерлігі мен тапқыр­лығын, адалдығы мен сыйлылығын аңыз қылып айтар құжаттар қан­ша­ма?!

1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың мықтап бекінген қорғанысын бұзуға жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындағаны, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.

1946 жылдан 1949 жылдың қарашасына дейін М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияда білім алды. Оны бітіргеннен кейін Түркістан әскери округі штабында қызмет атқарды.
 
1954-1958 жылдары мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-1961 жылдары мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды.
 
1989 жылы Орталық Азия әскери округі таратылғаннан кейін Қазақстан Республикасының соғыс ардагерлері кеңесінің  және қарулы күштер ардагерлерінің төрағасы болды.
 
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылдың мамырында ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
 
1994 жылы 23 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағымен марапатталды.1995 жылдың қараша айында армия генералы атағымен отставкаға шықты.
 
Сағадат Қожахметұлы «Ленин», 2 «Қызыл Жұлдыз», I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы, «Отан» ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден, медальдарымен марапатталған.
 
1971-1994 жылдары бірнеше мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.

Жарыққа шыққан кітаптары: «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины».
 
1999 жылы Астанадағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебі Сағадат Нұрмағамбетовтыңатымен аталды.
 
 

Хабарламаларға жазылу