Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жүректен - жүрекке» қан тапсыру акциясын өткізбек.
Алматы орталық мешітінің имамдары барлық жамағатты 23 мамырда осы игі шараға қатысуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде донорлардың жетіспеушілігі үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық қан орталығымен бірлесе отырып, игі шара ұйымдастырды. Біз қала халқы мен мешіт жамағатын қанға мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге ұйытқы болуға шақырамыз», - дейді мешіт өкілдері.
Айта кетейік, акция қаланың барлық мешіттерінде - Айша бибі (Ақсай), Орбита, Төле би (Тастақ), Бекет-ата (Шаңырақ-1) мешіттерінде, сондай-ақ Райымбек батыр (Думан) мешітінде өткізіледі.