Астана көшелеріне 7 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана көшелеріне 7 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылмақ

19.05.2014
Астана көшелеріне 7 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылмақ
Бүгін Астанада «Біз таза қала үшін!» көктемгі жалпықалалық сенбілігіне қатысу үшін 90 мыңнан астам адам қала көшелеріне шықты. Жыл сайынғы іс-шара экологиялық айлық аясында өткізілуде. Шара аясында 7 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
 
Шараға шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысып, ағаш отырғызды.
 
 «Бүгінгі сенбілікке атсалысқандарға,  елордамызды көркейтуге үлес қосқандардың бәріне алғысымды білдіремін»,- деді қала әкімі.
 
Қазіргі уақытта қала көшелерінде 120 жуық тиегіш пен 340 жүк көлігі, барлығы 460 көлік пен басқа да мамандандырылған техникалар  жұмыс істеуде. Сенбілік барысында 2-2,5 мың тонна қоқыс шығарылып, жалпы ауданы 491,4 гектар парк пен гүлбақ жиналып, 220 гүлзар тазарту жоспарланған.  
 
Бұдан басқа, Алматы, Есіл және Сарыарқа ауданы бойынша  сенбілікке 8,5 мың кәсіпорын, ұйым мен мекеме қатысады деп жоспарлауда. 
 
Есіл ауданында - Керей Жәнібек хандар көшесінде (Тұран көшесінен Орынбор көшесіне дейін) - Премьер-министр кеңсесінің, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының, Сенаттың, ҚР Парламент Мәжілісінің, ҚР Жоғарғы сотының, Астана қаласы әкімі аппаратының, Астана қаласы  мәслихатының, Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Спорт және дене шынықтыру агенттігі өкілдерінің қатысуымен 1500 түп ағаш отырғызылмақ.  
 
Алматы ауданында ҚР Президенті әкімшілігінің, «Нұр Отан» париясы қалалық филиалының, ІІМ өкілдерінің қатысуымен Қалдаяқов көшесінде 227 ағаш, № 46 көшеде 319 ағаш, Есіл өзенінің бойындағы бақта оң жағалауда 500 ағаш, Теміржолшылар тұрғын алабында 100 ағаш отырғызылады.
 
Сарыарқа ауданында  «Нұр Отан» партиясы Сарыарқа филиалының, аудандық қорғаныс істері жөніндегі, Әділет, төтенше жағдайлар басқармаларының, «Посади дерево КЗ» РҚБ, еңбек ардагерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен Тіленидев көшесінде 457 ағаш отырғызылады.
 
Айта кетейік, жалпықалалық сенбілікке «Қазақстан» РТРК АҚ ұжымы қатысып, қаланы абаттандыруға үлес қосты.  
 

Хабарламаларға жазылу