АЭФ аясында EXPO-2017 форумын өткізу жоспарлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭФ аясында EXPO-2017 форумын өткізу жоспарлануда

14.05.2014
АЭФ аясында EXPO-2017 форумын өткізу жоспарлануда
 
 VII Астана экономикалық форумы аясында жетпіске тарта түрлі шара өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының тең төрағасы Серік Нөгербеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
«Форумда жетпіс шақты түрлі шара өтеді. Осы орайда бұл шараларға жүзге жуық ұйымдастырушы қатысуда. Олардың ішінде мемлекеттік емес шетелдік ұйымдарға шаралардың елу пайызға жуығы тиесілі. Сонымен қатар, 20 пайызын ғылыми зерттеу институттары, 18 пайызын бизнес және ұлттық компаниялар, ал 10 пайыздан астамын мемлекеттік органдар өткізеді», - деді депутат.
 
Оның сөзіне қарағанда, жетпіс шараның аясында EXPO-2017 форумын өткізу жоспарланып отыр.
 
«Осының аясында Астанада ұйымдастырылатын бұл халықаралық көрмені насихаттау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар, онда түрлі пікірлер жинап, Жол картасы қабылданады деп күтілуде», - деді С.Нөгербеков.

Мұнымен қоса, форум шеңберінде инновация, инвестиция, еуразиялық интеграция, адам капиталы мәселелері кеңінен талқыға салынбақ.
 
«Экономикалық және инвестициялық форумдардың бірі саналатын осы шараға биыл әлемнің 150 елінен 10 мыңнан астам делегат қатысады», - деді халық қалаулысы.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 21-23 мамыр аралығында Астана қаласында VII Астана экономикалық форумы мен II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өткізіледі.

Хабарламаларға жазылу