Оңтүстік Корея президенті халқынан кешірім сұрады

29.04.2014
Оңтүстік Корея президенті халқынан кешірім сұрады
Оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хе 16 сәуір күні апатқа ұшырап, суға кеткен «Севол» паромында қаза болғандардың туған-туыстарынан кешірім сұрады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ел үкіметінің алдында сөз сөйлеген Пак Кын Хе биліктің аталған апаттың алдын алмағаны және тиісті шаралардың дер кезінде жасалмағаны үшін кешіруді өтінді.
 
Президент сонымен бірге, шенеуніктер арасында тәртіпті арттыру қажеттігін мәлімдеп, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа министрлікті құруға ұсыныс жасады.
 
Дүйсенбі күні Оңтүстік Корея премьер-министрі Чон Вон Хонның паром жолаушыларының қазасына байланысты үкіметке қарсы айтылған сыннан кейін отставкаға кеткені белгілі болды.
Бортында 476 жолаушысы бар паром Оңтүстік Кореяның жағалауында екі сағаттың ішінде аударылып, суға батып кеткен. Олардың ішінде негізінен оқушылар мен мұғалімдер болған.

Хабарламаларға жазылу