Премьер-Министр Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды

28.04.2014
Премьер-Министр Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды
Бүгін Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов алдағы бір жарым айда Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды.
 
Ресейден қажетті көлемде ашық түсті жағармай түрлерін тасымалдау мәселесіне тоқталған  ҚР Мұнай және газ министрі  Ұзақбай Қарабалин, «Аи-92 маркалы бензин тиісті көлемді өндірілмегендіктен, осы мұнай өнім түрін де сырттан жеткіземіз. Бүгінде республикадағы мұнай-газ базаларында Аи-92 маркалы бензиннің қоры 244 мың тонна, Аи-80 бензині 86 мың тонна, сондай-ақ дизель отын көлемі 300 мың тоннаға жуық. Егер біз бағаны өсірмесек, бұл жағармай көлемі 45 күнге жетіп қалады»,-деді.
 
Осыған байланысты министр АИ-92 бензиніне бағаны ұстап тұрғанымен, оның қоры таусылғаннан кейін осы маркалы жағармайдың тапшылығы туындайтындығын жеткізді.
Өз кезегінде Үкімет басшысы министрлік  Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен бірлесе 1,5 айдың ішінде қор таусылғанша  АИ-92 бензиніне бағаны өсірмеу үшін барлық  шараларды қабылдауды тапсырды.
 
Бұл тұрғыда С. Ахметов жағармай құю бекеттерінде баға негізсіз көтерілген жағдайда олар тиісті жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Хабарламаларға жазылу