«Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт өтуде

11.04.2014
«Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт өтуде
Бүгін Астана қаласындағы Назарбаев орталығында әлемге әйгілі спорт шебері, Қазақстанда таэквондо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы аясында «Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт өтуде.
 
Кеш барысында Түркиядағы қазақтардың күйлері шертіліп, әндері шырқалады. Атап айтқанда, халық күйлері «Ақсақ қаз», «Делдал», «Бұқтырма», «Телкүрең аттың жүрісі», «Жорға аю», сондай-ақ,  «Алтай тауым», «Ағажай Алтай» халық әндері шырқалды.
 
Шараға қонақ ретінде Астана қаласындағы Жүніс Әміре Түрік мәдени орталығының төрағасы Ибрахим Йылдырым, Түркиядағы қазақ қоғамының жетекшісі Фазыл Топлы, Мирмар-Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара қатысты.
 
Әбдуақап Қара кіріспе сөз сөйлеп, Түркиядағы бауырлардың сәлемін жеткізді:
«1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде жарты сағаттай қысқа уақытта алдыменТүркия мойындады.  Түркия мен Қазақ елі арасындағы достықтың тағы бір себебі – бүгін осында өтіп жатқан кеш. Бүгін орындалған әндердің ішінде «Ескі достар» деп аталатын  ән бар. Бүгінгі кештің атауы да «Қазақстан және Түркияның достық кеші». Бүкіл қазақтың бір ғана арманы, мақсаты бар. Ол – Қазақстан Тәуелсіздігін баянды ету, мәңгілік ету. Ел Президенті биылғы Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын ортаға салды. Енді осыған күш жұмылдыру керек. Қашан келсек те, құшақ жайып қарсы алатын Қазақ еліне рахмет!», -деді ол.

Хабарламаларға жазылу