Астана экономикалық форумның басталуына санаулы күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана экономикалық форумның басталуына санаулы күн қалды

11.05.2018

Ғаламдық мәселелерді шешуде Қазақстан басты қозғалтқыш бола ала ма? Осындай жауапкершілігі зор Астана экономикалық форумның басталуына санаулы күн қалды. Биыл конгресс біршама жаңарып отыр. Қатысатын спикерлер саны бұрынғыдан көбірек, салмақтылау. Көтерілетін мәселелер де өзекті. Қазақстандық сарапшылар дүниежүзінен жиналатын сақа саясаткерлердің ұсыныстары мен мықты мамандардың тың жаңалықтарын асыға күтуде. Өйткені, бұл форумның қорытындысы бойынша Қазақстан технологиялық, өнеркәсіптік, экономикалық салаларда өзгерістер енгізуі мүмкін.

Альбина Әшім, тілші:

- Астана экономикалық форумы 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында елордаға 150 мемлекеттен 50 мыңдай делегат келген. Олардың ішінде 20 Нобель сыйлығының иегері, 30 шетелдік жоғары деңгейдегі саясаткер бар. Конгресс шеңберінде 20 млрд. доллардан асатын сомаға 300-дей меморандумға қол қойылды. Биылғы форум да нәтижелі болады деп күтілуде.

«Қазіргі заман тым жедел, технологиялар күн сайын жаңарып, ілгерілеп келеді. Осы көштен қалыспау үшін Қазақстан цифрлық жүйеге көшуді жөн көріп отыр. Экономикалық форумдағы басты бағыттардың бірі «сандық әлем» екенін ескерсек, жаңа технологиялардың тілін жетік меңгерген шетелдік мамандардан аларымыз мол», - дейді отандық сарапшылар.

Бақытгүл Хамбар, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры:

- Еліміздің қазір қабылдап жатқан бағдарламаларының көбінің аясында цифрландыру мәселесі қарастырылуда. Бірақ, енді біз осы атқарылып жатқан шараларымыз қаншалықты дұрыс немесе олардың тиімділігі жоғары болу үшін әрі қарай бағыт-бағдарымызды қалай түзетуіміз керек, соған біз тәжірибе жинақтайтын үлкен алаң болады деп ойлаймын. Бұл жерде басқа мамандыққа бет бұру, әр адамның қарым-қабілетін үнемі өзгерістерге бейімдеп отыру мәселесі де қарастырылады деп есептеймін.

Урбандалу – қазіргі күннің басты тендецияларының бірі. Қазір жер бетіндегі адамдардың жартысынан астамы ірі шаһарларда тұрады. Адамзаттың басым бөлігі үлкен қалаларға қоныстануы ел экономикасын аграрлықтан өнеркәсіптік бағытқа бейімдеді. Ал, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі қолайлы болу үшін жаһанның дамыған елдері жаңа технологияларға бет алуда. Мегаполистерді ақылды қалаларға айналдыруда. Қазақстан да бұл қадамды құп көреді.

Булат Столяров, ХІ Астана экономикалық форумының бас продюсері:

- Қалалардың дамып отыруы шарт. Алайда, олардың әрқайсысы әртүрлі бағытта өркендейтінін де ескеру қажет. Астана мен Алматыны алсақ, Астана - жаңадан салынған қала. Бірақ, елордамыз болашаққа бағдар жасау, инвестициялар тарту мен технологиялар енгізу бойынша өзінің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Ал, Алматы - өзіндік дәстүрлері қалыптасып қалған, үлкен тарихы бар қала. Мұнымен қоса, Алматыда қордаланып қалған мәселер көп. Сондықтан, әр мегаполиске қатысты әртүрлі бағыттар таңдалады.

Жалпы, жыл сайын форум қорытындысы бойынша ел Үкіметі әлемдік сарапшылардың ұсыныстарын қарастырып, Қазақстанға қолайлысын іріктеп алады. Биыл да билік өкілдері шетелдік мамандар көптеген тың идея береді деп үмітті.

Альбина ӘШІМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу