Бүгін кешке Астана қаласында «Тамаша» әзіл-сықақ театрының 35 жылдығына арналған кеш өтпек.
Осыған орай «Серпер» жастар сыйлығының иегері Бауыржан Ордин және танымал актер Саттар Ерубай «Таңшолпанда» қонақта болып, сұхбат берді.
«Бұл кештің өзге кештерден ерекшелігі - алғаш рет «Тамашаның» іргетасын қалаған, еңбегі сіңген азаматтар туралы көбірек әңгіме болады»,-дейді Бауыржан Ордин.
«Бұрынғы актерлер мен қазіргі актерлердің айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені, басты мәселе – тақырыпта. Ол кезде дефицит заттарды, тығып сататын дүкенші туралы тақырыптар күлкілі болды. Оның үстіне халықтың көретіні тек «Тамаша» еді. Ал қазір театр да көп»,-дейді.
«Ұлықпанның тұсындағы «Тамаша» қандай еді» деген пікір жиі айтылып жатады. Осы турасында актерлер: «Көз көргендерді ешкім ұмытпайды ғой. Мысалы, М.Әуезов атындағы драма театрда Асылбек Боранбай, Бекжан Тұрыс, Жалғас Толғанбай, Дулыға Ақмолда сынды көптеген мықты актерлер қызмет етеді. Қойылымнан соң, олардың да еститіні: «баяғы Сәбира Майқанова қайда, Әнуар Боранбаев қайда». Олардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан, ел ұмытпайды. Сол сияқты бізге де айтылып жатады. Біз қолымыздан келгенше, театр дәрежесін түсірмеуге тырысамыз»,-дейді.