Ағымдағы жылдан бастап, мектеп түлектері Қаржы полициясы академиясына оқуға түсуге үміткер бола алмайды. Бұл туралы Қаржы полициясы академиясының бастығы Сарқытбек Молдабаев мәлімдеді.
«Осы жылдан бастап, академия 2 жыл 6 ай мерзімді қысқартылған оқу түріне көшіп, 21 жастан асқан, заң білімі жоқ, жоғары білімі бар Қазақстан азаматтарын оқуға қабылдайды. Кәсіби оқу бағдарламасы бойынша қысқартылған мерзімде білім алған уақыт еңбек өтіліне қосылады», - деді академия бастығы.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда академияда елдің түкпір-түкпірінен келген жастар білім алуда. Оқуға ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аймақтық органына қажет мамандар санына байланысты қабылданады. Сондықтан, академия түлектерінің жұмысқа орналасуына байланысты мәселе жоқ. Өйткені, оқуды бітірген жас маман өздерінің аймақтарына қызметке тұрады.
«Ағымдағы жылдан бастап, жалпы білім беретін мектеп түлектері Қаржы полициясы академиясына оқуға түсуге үміткер бола алмайды», - деді ол.
Кандидаттарды оқуға қабылдау үш кезеңмен жүзеге асырылады.