Көрермен көзайымына айналған «Келін» сериалының басты кейіпкері - Анандидің жас кезіндегі рөлін сомдаған Авика Гор «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бірнеше хабарына қатысу үшін анасымен бірге Астанаға келеді.
Авика Гор - көрермені көп «Келін» телехикаясына түскенде небәрі 5-сыныпта оқыған. Жас келін Ананди - оның алғашқы рөлі. «Кішкентай болған соң, киноға түсу - ойын сияқты көрінетін. Кейде түсірілім алаңынан бағалы киімдеріммен қашып кететінмін. Әрине, жазасын да алатынмын», - дейді бір сұхбатында ол.
Авика «Келін» телехикаясындағы рөлі үшін көрермендерінің алғысына бөленген және көптеген сыйлыққа ие болған. 2009 жылы ол Ұлттық Раджив Ганди сыйлығымен марапатталған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында Авика болашақта атақты актриса және әлем аруы болғысы келетінін айтады. Кинодағы рөлі туралы кіші Ананди 3-наурыз, дүйсенбі күні Ұлттық телеарнаның «Таңшолпан» бағдарламасында ой бөліседі. Қапы қалмаңыздар!